Бұл – қаладағы ширек ғасырдан бері жылуға қосылмаған жалғыз үй. Мұнда 35 пәтер бар. Қыста тұрғындар баспанасын электр пешімен жылытып амалдап келеді. Ал ас пісіру үшін газ баллонын қолданады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Қалай жекешелендірді – солай суды да айырып тастады. Газ бұрыннан жоқ. 10 жылдан кейін біз өзіміз ТВС-пен келісіп, үй тұрғындары ақша жинап, 2007 жылы су жүргізіп алдық. Тоқпен отырамыз. Қыста тоққа 40-60 мың теңге аралығында төлейміз", – деді Ақтау қаласының тұрғыны насиха Жұмашева.
Оқи отырыңыз: Қызылордалық 90 отбасы кәріз суы басқан көпқабатты үйде тұрып жатыр
Төрт қабатты үй 1987 жылы өңірдегі зауыт қызметкерлеріне берілген. Алғашында жатақхана болған баспана кейін тұрғындардың атына заңдастырылған. Әкімдіктің өкілдері бұл нысан жеке тұрғын үй ретінде рәсімделгендіктен, газ құбырын жүргізу жұмыстары ұзаққа созылғанын айтты.
"Жылу құбыры үйдің жертөлесіне келіп тұр. Бұл пәтерлер жекеменшік болғандықтан. Жылу жүйесін орнату мемлекеттік бағдарламаның "Қайтарымды қаражат" есебінен жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін қаражат бөлу рұқсаты беріледі", – деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Нұрадин Көшербаев.