Ақтау тұрғындары матрос Сержан Аяпбергеннің денесін жер қойнына тапсырды

Матрос Сержан Аяпберген
Матрос Сержан Аяпберген
Сержан бар болғаны 20 жаста болатын.

Ақтауда Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған 20 жастағы матрос Сержан Аяпбергенді соңғы сапарға шығарып салды.

Қоштасу рәсімінен түсірілген видеоны блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Оның айтуынша, қаза болған сарбаздың туыстары Қорғаныс министрлігі ұсынған әскери құрмет пен жалпыәскери жарғыларда қарастырылған рәсімдерден бас тартқан.

Сержан Аяпберген қазақтың дәстүрі мен ислам қағидаларына сай жерленген.

Марқұм жас кезінен спортпен айналысып, самбо мен дзюдодан облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен. Бұл туралы Сержан жаттыққан "Жас батыр" балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі хабарлады.

Ол самбодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, самбодан ТМД студенттер ойындарының күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ дзюдодан халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіске жетіп, спорт шеберлігіне кандидат атағын алған.

24 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінде оқу-жаттығу өткізу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.

25 қыркүйек Қазақстанда қаза болған әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы күдікті ретінде анықталып, ұсталды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау