Тікелей эфир

АҚШ бас консулы: Қазақстанның болашағы жарқын боларына күмән жоқ

Екі елдің серіктестігі іскерлік байланыс пен ашықтық қағидаларына негізделген.

Алматыдағы Бас консулдық – АҚШ-тың Орталық Азиядағы жалғыз консулдығы. Бұл АҚШ үшін Алматының сауда және шығармашылық ордасы ретіндегі маңызын көрсетеді. АҚШ бас консулы Кэролайн Сэвидж Информбюро порталына берген сұхбатында Қазақстанның Қазақстанның қуатты, қауіпсіз және ашық қоғам құруындағы АҚШ-тың адал серіктестігі туралы әңгімеледі.

АҚШ бас консулы Кэролайн Сэвидж. Фотосуретті Алматыдағы АҚШ бас консулдығы ұсынды

"Біздің тұрақты стратегиялық серіктестігіміздің негізі – ортақ басымдықтарымыз, оның ішінде Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдау, Қазақстан экономикасын әртараптандыру және белсенді азаматтық қоғамды дамыту. Біз қоғамда ашықтық орнатып, жалған ақпаратпен күресудің және білім беру мүмкіндіктерін кеңейтудің жаңа жолдарын үнемі іздейміз. Бүкіл Орталық Азия аймағындағыдай, біз Қазақстанға да қосымша ішкі және шетелдік инвестиция тартып, экономиканың қарқынды өсіп, әртараптануына көмектесуге дайынбыз", – деді Кэролайн Сэвидж.

Бас консулдың айтуынша, cоңғы 7 жылда АҚШ Алматыдағы Шекара қызметі академиясында біліктілікті арттыру нысандарын салуға 7,3 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Бұл оқу орны – тек қазақстандық шекарашыларды ғана емес, бүкіл аймақтан жиналған мамандарды да оқытатын аймақтық хаб.


Оқи отырыңыз: Америкалық миллионер қазақ: АҚШ-та бизнес жасау әлдеқайда жеңіл


Қазақстан үкіметі АҚШ-тың Экспортты бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасымен (EXBS) бірге жұмыс істеп, тауарлар мен қару-жарақтың заңсыз айналымын тоқтатты. Шекара арқылы жүктерді қауіпсіз әрі заңды тасымалдауды қамтамасыз еткен.

"Covid-19 пандемиясы індетке шекара тосқауыл емес екеніне көзімізді жеткізді. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) және АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) аймақтық кеңселері Алматыда орналасқан. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігімен бірге CDC де, USAID те 25 жылдан астам уақыт бойы денсаулық сақтау қызметкерлерін оқытып, ғылыми жабдық және сараптамамен қамтамасыз ету арқылы аурулардың алдын алу, оларды анықтау және емдеу шараларын қолдап келеді. Бұған қоса, АҚШ үкіметі Covid-19 пандемиясымен күресу үшін Қазақстанға 10 миллион доллардан астам қаржы бөлді", – деді Кэролайн Сэвидж.  

Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, бәріне тең мүмкіндік беру арқылы Қазақстанмен серіктес болу – АҚШ-тың басты басымдықтарының бірі. Көптеген америкалық бизнес Қазақстан экономикасы мен халқына инвестиция құйды. Соның ішінде Алматы мен Қазақстанның өзге 9 қаласындағы American Space орталықтарында STEM бойынша білім беру қолға алынды.


Оқи отырыңыз: "Елімізге қажет өндіріс". Қазақстандық инженер АҚШ-та "смарт" бетонды сынақтан өткізді


Алматыдағы Сыртқы сауда қызметі мен Нұр-Сұлтандағы Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметі Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі америкалық компанияларға және олармен бизнес жасағысы келетін қазақстандық компанияларға қолдау көрсетеді.

"Халықтарымыздың арасындағы азаматтық байланыс та ерекше дамыған. АҚШ-қа академиялық және кәсіби білім алмасу бағдарламаларымен барып қайтқан түлектер саны 13 мыңнан асады. Мен бұл бағдарламаларды әрдайым қолдаймын. Себебі, өзімнің де жасөспірім шағымда шетелге тәжірибе алмасу бағдарламасымен барғаным ой-өрісімді кеңейтіп, осы күнге жетуге көп көмек болды. Қазақстандықтар АҚШ-та оқуға, жұмыс істеуге немесе саяхатқа барғанда екі елге ортақ мақсаттарды тереңірек түсініп оралады деп үміттенемін", – деді Кэролайн Сэвидж.

Қазақстан халқының үш тілді меңгеру мақсатына үлес қосу үшін АҚШ бүкіл Қазақстан бойынша өзінің жоғары сапалы ағылшын тілін оқыту бағдарламаларын ұсынып келеді. Бұл бағдарламалар мыңдаған студенттерге ағылшын тілін үйренуге және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға көмектесті және сансыз университет оқытушыларына, оқытушы көмекшілеріне және жергілікті мұғалімдерге ағылшын тілін оқыту бойынша қосымша білім берді.


Оқи отырыңыз: ҚБТУ, MIT, сосын NYU. АҚШ-тың үздік университеттерінде оқып, алып компанияға қалай жұмысқа тұруға болады?


Жалған ақпаратпен күресу үшін оңтүстік Қазақстанның 4 қаласында "Медиа сауаттылығы үшін ағылшын тілі" бастамасы іске қосылды. 13-17 жас аралығындағы әлеуметтік жағдайы нашар топтардан шыққан балаларға мүмкіндік беретін English Access бағдарламасының бесеуі оңтүстік өңірлерде іске асып жатыр. Алматыда қалалық білім басқармасы мен Алматы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында жүздеген мектеп және университет мұғалімдерін даярлайтын біздің ағылшын тілі мамандарымыз жұмыс істейді.

"АҚШ Қазақстан тарихы, мәдениеті және дәстүріндегі қазақ тілінің орны айрықша екенін түсінеді. Біздің жұмысымызды қолдау үшін АҚШ Мемлекеттік департаментіне маған Бас консул ретіндегі лауазымға дайындау үшін 10 ай бойы қазақ тілін оқытқанына ризамын. Қазақ тілі маған жергілікті мәдениетпен танысуға жол ашты. Мысалы, қолөнершілерден қамзолдың дәстүрі туралы тыңдап, Таңбалыдағы петроглифтердің тылсым тарихымен таныстым. Ninety One тобының ғажайып музыкасын тыңдай алғаныма да ерекше қуанамын", – деді АҚШ бас консулы.

Серіктестер жаңалықтары