Тікелей эфир

Ақмолада 600 адам заңсыз сатылып кеткен жерін 18 жылдан бері қайтара алмай жүр

Зеренді ауданына қарасты Өркен, Өзен, Жамбыл және Ортақ ауылының елуден аса пайшысы қазір қол жинап, арыз жазып жатыр.

Ақмола облысында серіктестік басшысы жалған құжат жасап, 600-ден астам адамның жер үлесін банкке кепілдікке қойып, сатып жіберген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Зеренді ауданына қарасты Өркен, Өзен, Жамбыл және Ортақ ауылының елуден аса пайшысы қазір қол жинап, арыз жазуда. Олар 18 жылдан бері жер телімдерін қайтара алмай жүргенін айтып, шағымдануда.

"Қазір соттасып жатырмыз. Заңгер жалдадық. Кезінде ата-аналарымызды алдап, заңсыз алып қойған жерді қайтарып алғымыз келеді. Өз жерімізде тұрып, "Жер жоқ" деп айтудың өзі – ұят. Өйткені, жер – біздің халықтың басты байлығы емес пе?" – деді Өркен ауылының тұрғыны Рүстем Сонгин.


Оқи отырыңыз: Құны 7 млрд теңге болатын жер телімдері мемлекетке қайтарылды.


Өзен ауылының тұрғыны Жанат Құсайынов қазір не мал жаятын, не шөп шабатын жер телімі жоқ екенін айтты.

"Ауылда 500 жылқыны қайда бағарымызды білмей отырмыз. Бізге мал ұстауға болмайтынын, себебі жеріміз жоқ екендігін айтады", – деді ауыл тұрғыны.

Алты жүзден артық адамның "Күсеп" машина-трактор станциясында 2005 жылға дейін өзінің шартты жер үлесі болған. Оның бұрынғы директоры Сансызбай Тәшенов халықты жерсіз қалдырған адам – өзі емес екендігін айтты. Оның айтуынша, бұл қитұрқылыққа станцияның қаржы серіктесінің қатысы бар.


Оқи отырыңыз: Арыста жұмыссыз отбасыларға егін егіп, табыс табуы үшін 0,5 гектардан жер телімі беріледі.


"Сол жауапкершілігі шектеулі серіктестік бізді алдады. Біздің жердің құжаттарын Алматыдағы "Қазақстан халық банкіне" апарып, кепілдікке салып жіберген. Миллион долларлап қаржы алған. Кепіл туралы келісім-шартқа менің қолымды қойған. Халық дауыс бергені туралы жалған протокол жазған", – деді "Күсеп" машина-трактор станциясының бұрынғы директоры Сансызбай Тәшенов.

Станцияның бұрынғы директоры мен ауыл тұрғындары 18 жыл бойы әкімдікке, Бас прокуратураға жүгінгендерін айтады. Талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, іс жабулы күйінде қалып келеді.

"Халыққа тиесілі жер шынымен банкке 1 жылға кепілге қойылған. Барлық ақпаратты жинап, Зеренді аудандық сотына талап арызды жібердім. Қазір арыз қаралып жатыр. Кепілге салынған жерді Өркен ауылындағы "Дихан плюс" серіктестігі сатып алған. Ауыл тұрғындарына одан келер үлес жоқ, өйткені кезінде айырылып қалған. Алдағы апта пайшылардың ісін қарайтын алғашқы аудандық сот өтеді. Егер тұрғындардың жері заңсыз сатылғаны дәлелденсе, оларға аталған серіктестік жер үлесін бөліп берулері тиіс", – деді заңгер Ботагөз Сәрсекеева.


Оқи отырыңыз: Тегін 10 сотық жер алуға енді eGov.kz арқылы өтініш беруге болады.


 

Серіктестер жаңалықтары