Ақмола облысында жер теліміне қатысты дауға байланысты 80 адам жұмыссыз отыр

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Кәсіпорын иесі жұмыс жүрмесе де, қызметкерлерге жалақы төлеуге мәжбүр екенін айтады.

Ақмола облысында қиыршық тас өндірісі үшін мемлекеттен жер қойнауын пайдалану құқығын 10 жыл мерзімге алған "Мыс Service" ЖШС компаниясының басшысы Мереке Омаров 15 қаңтардан бастап сот орындаушысының әрекетіне байланысты жұмысты өндірісті тоқтатуға мәжбүр болғанын мәлімдеп, журналистерге шағымын жеткізді. 

Оның айтуынша, компанияға бұл құқықты 2024 жылы Ақмола облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы берген. Тиісті қосымша келісім 2024 жылғы 16 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен соң компания жұмысын бастаған. 

Алайда, жер телімін бұрын пайдаланған "ДС Нойбург" компаниясы банк алдындағы міндеттемелерін орындамағаннан кейін, сот компанияның мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарғаны белгілі болды. Бұл ретте Мереке Омаров сот орындаушысы қазір осы аумақта орналасқан "Мыс Service" компаниясына тиесілі техниканы да күзетке алып, оны пайдалануға шектеу қойғанын айтады. 

"Кәсіпорын қызметін бастауым үшін рұқсат қағаздарды мемлекеттік орган – Ақмола облысының өнеркәсіп басқармасынан алдым. Жер теліміне қатысты Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы Жер қатынастары бөлімімен келісімшарт жасастық. Бәрі заңды. Енді сот орындаушысының кедергі келтіруіне байланысты қызметкерлерім жұмысқа шыға алмай отыр, олардың бәріне осы күндер үшін жалақы төлеуге мәжбүр боламын. Оған қоса, мемлекет алдындағы қиыршық тас өндіру бойынша жоспарым да орындалмай жатыр. Ал жоспар бойынша мен жылына бір миллион тонна қиыршық тас өндіруім қажет. Жұмысшыларымды күштеп шығарып жіберді. Сүйреп шығарды, бұл сұмдық қой. Бұл әрекеттер сот орындаушының тікелей нұсқауымен жасалып жатыр", – деді Мереке Омаров. 

Кәсіпорынның позициясы осындай болса, банк тарапының уәжі басқа. Банк қазір кәсіпорын мен әкімдік басқармасы арасында жасалған келісімшартты заңсыз деп тану үшін сотқа талап арыз берген. Әзірге бұл арыз бойынша сот процесі жүріп жатқанымен, түпкілікті шешім шықпаған. 

Компанияның қорғаушысы Гаухар Абдуованың түсіндіруінше, қосымша келісім жасалған кезде жер учаскесіне қатысты ешқандай ауыртпалық немесе шектеу болмаған. Сәйкесінше, ол сот орындаушысының талабын және кәсіпорынның техникасының жолын жауып, қызметкерлерді учаскеден күштеп шығарумен байланысты әрекетін өз өкілеттігін асыра пайдалану деп бағалайтынын айтты. 

"Бұл жер учаскесі ешкімнің жеке меншігі емес, оның меншік иесі – мемлекет", – деп нақтылады ол. 

Осыған орай, компания құқық қорғау органдары мен прокуратураға өз тарапынан арыз түсіргенін хабарлады. Алайда, шешім шықпағандықтан, өндірісті қайта бастау мүмкін болмай отыр. Ал бұл қызметкерлер әлі де жұмыссыз қалып, мемлекеттік жоспардың орындалуы кешеуілдей беретінін білдіреді. 

Серіктестер жаңалықтары