Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті тергеп жатыр.
"Азамат қоғамдық орында құқыққа қайшы әрекеттер жасады, сондықтан ұстау туралы шешім қабылданды. Полиция қызметкерлеріне қатысты зорлық–зомбылық қолдану қаупі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне одан әрі тергеу үшін берілді", – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар аймақ прокуратурасы Қаржаубай Нұрымовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу Антикор департаментіне жіберілгенін хабарлады. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі полиция қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық туралы істі қандай себеппен тергеп-тексерумен айналысатыны нақтыланбаған.
Айта кетейік, бұған дейін облыстық полиция департаменті Нұрымовқа қатысты қылмыстық істі бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтіру фактісі бойынша бастағанын мәлімдеген болатын.
Еске салайық, 2024 жылғы 4 қазанда 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болды. Кісі өлтіру фактісі бойынша 11 адам ұсталды.
9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзаттың туысқан ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ол қайтыс болғанға дейін туыстарына хабарлама жазған.
Жерлеу кезінде Қаржаубай Нұрымов жол бөлігін жауып, адамдарға пышақпен шабуыл жасады. Ол үшін 15 тәулікке қамауға алынды.