Алматыда бұрынғы әнші Рахат Тұрлыханов қатысқан отбасылық жанжалға байланысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті Informburo.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Оқиға 16 наурыз күні болған. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың жиені, экс-әртіс Рахат Тұрлыхановтың отбасындағы жанжалдан кейін полицияға жеткізілген. Алғашында оның жұбайы күйеуінің өзін ұрғанын мәлімдеген, алайда кейін бұл сөзінен бас тартқан.
Бастапқыда іс "Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер" бабы бойынша әкімшілік тәртіпте қаралып, кейін қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін материалдар полицияға жолданған.
Полиция мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, қажетті процессуалдық шаралар жүргізілген.
"Арызданушы тараптың талап-арыздан бас тартуына және істі қарауға қатысудан бас тартуына байланысты қылмыстық іс заңды негізде тоқтатылды", – делінген департамент жауабында.
Құқық қорғау органдары отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты әрбір жағдай бойынша азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шаралар қабылданатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылдың қазан айында да Рахат Тұрлыханов жұбайын ұрды деген күдікке ілінген болатын. Ол кезде іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Алайда екі айдан кейін тағы да жанжал шығып, сот бастапқыда ескерту жасаумен шектелген. Кейін прокурорлардың наразылығынан соң іс қайта қаралып, экс-әртіске 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.
USD:
461.7 / 464.5
EUR:
542.0 / 547.0
RUB:
6.01 / 6.13
