Тікелей эфир

"Алтынемел" ұлттық табиғи саябағында 20 жаңа фототұзақ орнатылды

Ал "Іле Алатауы" ұлттық саябағында қар барысын қорғауға арналған орталық құрылмақ.

Алматы зоология институты мен Snow Leopard Foundation қоры өкілдерінің "Алтынемел" ұлттық саябағына жасаған экспедиция кезінде парк аумағына жаңа 20 фототұзақ орнатылды. Қордың атқарушы директоры Арман Қашқынбековтың айтуынша, Америкадан арнайы алдырған жаңа фототұзақтар саябақта қанша қар барысы барын дәл анықтауға мүмкіндік береді.  

"Алтынемел" ұлттық табиғи саябағында үш шатқал бар. Фототұзақтарды сол шатқалдарға орналастырдық.  Америкадан тапсырыспен алынған фототұзақтардың әрқайсының бағасы – 1000 АҚШ доллары. Зоология институтының ғалымдары фототұзақтарды бақылап, екі апта не 1-2 ай жиілікпен барып тексереді, тазалау жұмыстарын жүргізеді", – деді Арман Қашқынбеков Информбюро тілшісіне берген жауабында. 


Оқи отырыңыз: Алтынемел ұлттық паркінде қар барысы тағы да фототұзаққа ілікті


19 шілде күні "Алтынемел" ұлттық паркінде аналық барыс пен оның алдыңғы жылы туған екі аланы фототұзаққа іліккен болатын. Арман Қашқынбековтың айтуынша, бұдан кейін тамыз айында да қар барысы фототұзаққа ілінген. Бірақ, бұл туралы еш жерде хабарланбаған.


Оқи отырыңыз: Қар барысы қолға үйретіледі. Жоғалу қаупі бар жыртқышты сақтау үшін тағы қандай шаралар қолға алынды?


Қор басшысы алдағы уақытта қар барысын қорғауға бағытталған арнайы орталық құрылатынын да мәлімдеді. Әзірге жоба қаралып жатыр. 

"Орталық "Іле Алатауы" ұлттық паркінде құрылады деп жоспарлап отырмыз. Қар барысы көп мекендейтін елдердің мамандарын шақырамыз. Ұлттық жоба болған соң, әр тиыны тексеріледі. Жобаны әзірлеп, Экология министрлігіне жолдадық. Олар бізді қолдады. Енді әрі қарай бірнеше мақұлдаудан өткен соң, шамамен қыркүйек айында жоба жүзеге аса бастайды. Бұл – 2021-2025 жылдарға арналған ұзақмерзімді жоба", – деді Арман Қашқынбеков. 

Серіктестер жаңалықтары