Тікелей эфир

Алтын-Емелде қарақұйрық, құлан мен арқарлар көбейді

"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қызыл кітапқа енген арқар, құлан және қарақұйрықтың саны анықталды.

Санақ жұмыстарына Білім және ғылым министірлігі Ұлттық ғылым академиясының зоология институты, "Охотзоопром" ӨБ» РМҚК-і, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, "Жоңғар-Алатауы" МҰТП-і қызметкерлері жұмылдырылған. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас аң танушы маманы Мұхит Мұқатайұлының агенттік тілшісіне берген мәліметінше, парк аумағында шамамен 6 мыңға жуық қарақұйрық, 4 мыңға жуық құлан және 200-ге жуық арқар тіркелген. Өткен жылдармен салыстырғанда үш жануардың да өсімі байқалады.

"Жабайы жануарлардың санағы әр жыл сайын тек ақпан айында жүргізіледі. Көктемде жануарлар төлдейді. Сәйкесінше, қалған уақытта оларды қуалауға болмайды. Санақ жұмыстары 307 мың гектар аумақты қамтып, бұл іске 46 маман тартылды. Екі күн бойы көлікке, атқа мінген мамандар жолай кездескен жануарларды тіркеп отырды", – дейді М. Мұқатайұлы.

Оның айтуынша, құланның саны артқан сайын еліміздің өзге өңірлеріндегі қорықтарға жөнелтіледі.

"Былтыр "Іле-Балқаш" қорығына 60 бас құлан жіберілді. Жануар кез келген аймаққа жерсіне береді. Алдағы уақытта "Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында таутеке, қар барысының санағы жүргізілетін болады", – деді аң танушы.


Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?


Айта кетейік, Жетісу облысында орналасқан "Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында сүтқоректілердің 79 түрі мекен етеді. Оның 11-і Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ құстардың 260 түрі бар (Қызыл кітапқа енгені – 29). Бұдан бөлек 4 қосмекенді (екеуі Қызыл кітапқа енген), 25 бауырымен жорғалаушылар (біреуі Қызыл кітап тізімінде), балықтың 26 және буынаяқтылардың 6000 түрі тіркелген.

Серіктестер жаңалықтары