Алматыда автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру қағидаларын жаңарту жоспарланып отыр. Жаңа жобаны мәслихат отырысында Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.
"Жобаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары өз тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан бір коммуналдық автотұрақта бір автокөлігін тегін қоя алады. Бұл ретте нақты автотұрақ орны бекітілмейді. Әкімдік мұндай тәсіл автотұрақ орындарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар құжатта автотұрақтарды жабдықтау, олардың жұмыс тәртібі мен төлем жасау тәртібіне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген. Қағидалардың сақталуы мобильді және стационарлық фото және бейнетіркеу кешендері арқылы бақыланады", – делінген хабарламада.
Жобаға сәйкес, жүргізушілер үшін қолданыстағы жеңілдік мерзімдері өзгермейді. Тротуар бойындағы автотұрақтарда жолаушыларды отырғызу немесе түсіру үшін алғашқы 5 минут, ал алаңдық автотұрақтардан шығуға 10 минут тегін уақыт беріледі.
Сондай-ақ бұрынғыдай соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызметтердің көлік құралдары автотұрақ ақысын төлеуден толық босатылады.