Алматыда жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты 1 тамыздан бастап Наурызбай батыр көшесінің Райымбек даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде көлік қозғалысының жаңа сызбасы енгізіледі.
Қалалық Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, жоба аясында көшеде оқшауланған велосипед жолағы салынады. Осыған байланысты қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ алынып тасталып, автобус бағыттары Желтоқсан көшесіне ауыстырылады.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім велосипедшілердің қауіпсіздігін арттыруға, қаланың велосипед инфрақұрылымын дамытуға және көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылардан енгізілетін өзгерістерді алдын ала ескеріп, қозғалыс бағытын жаңа сызбаға сәйкес жоспарлауды сұрайды. Сондай-ақ жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.