Алматыдағы көліктерге экологиялық тексеру енгізіледі: кімдер өтуі керек

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Техбайқаудан өту үшін енді экологиялық тексеруден өту керек.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеру енгізіледі. Жаңа талаптың қалай жұмыс істейтіні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірілді.

LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратовтың айтуынша, жаңа талап бензин, газ және дизель отынымен жүретін көліктерге қатысты болады. Экологиялық техникалық тексеруден өту автокөліктің кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өтуінің міндетті шартына айналады.

Дулат Маратов екі рәсімнің бір-бірінен бөлек екенін атап өтті.

"Міндетті техникалық байқау автокөліктің жалпы жағдайын тексеруге бағытталған. Ал техникалық тексеру тек ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған. Бензинмен және газбен жүретін автокөліктерден пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизельді көліктерден түтін шығару деңгейі тексеріледі", – деді ол.

Яғни экологиялық техникалық тексеру техникалық байқауды алмастырмайды және оның құрамдас бөлігі болып саналмайды. Алайда жаңа талап күшіне енгеннен кейін шығарындыларды тексеруден өтпеген көлік жоспарлы техникалық байқаудан өте алмайды. Бұл ретте көлік иелеріне 1 қыркүйекке дейін техникалық тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады.

Егер көлік 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өткен болса, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Қайта техникалық байқаудан немесе экологиялық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Әдеттегі техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал шығарындылар деңгейін анықтайтын техникалық тексеру сертификатталған жабдықпен қамтылған, бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.

Көлік иесі қаласа, техникалық байқау мен экологиялық тексерудің екі рәсімінен де бір орталықта өте алады. Техникалық тексеру жүргізуге рұқсат берілген станциялардың тізімі almaty-parking.kz сайтында жарияланады.

Дулат Маратовтың айтуынша, жаңа жүйе Алматыдағы автокөліктердің экологиялық жағдайы туралы нақты дерек жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол төмен шығарындылар аймағы – LEZ жұмысының негізгі тетіктерінің біріне айналады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау