Тікелей эфир

Алматыдағы кептеліс: таксилер автобус жолағымен жүре ме?

Таксомотор және жалға беру қауымдастығының өкілдері таксиді қоғамдық көліктің бір түрі деп санайды.

Алматыда таксомотор және жалға беру саласы қауымдастығының өкілдері таксилерге автобус жолағымен жүруге мүмкіндік берілуін сұрап отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Таксомотор және жалға беру қауымдастығының өкілдері таксиге автобустарға арналған жолақпен жүруге рұқсат берілгенін қалайды. Бұл – таксиге отырған жолаушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік бермек. Бірақ, автобус жолағына кез келген көлік кіріп кетпесі үшін бірнеше талап қойылғаны абзал.

"Таксиге автобус жолақтарымен жүруге рұқсат берудің пайдасы болмаса зияны жоқ. Әрі, ешқандай қиындық тумайды деп ойлаймын. Алдымен барлық жүргізушілерді «Сергек» жүйесіне енгізу қажет. Сол кезде айыппұл келмейді. Полицейлер такси мен қарапайым көліктерді ажырату үшін сыртына компанияның белгісін салуға болады", – деді Қазақстанның таксомотор және жалға беру саласы қауымдастығының төрағасы Жеңіс Мухиев.

Кейбір алматылық такси жүргізушілері де қауымдастық өкілдері көтерген бастаманы қолдап отыр. Айтуларынша, қазір қалада көлік көп. Такси қызметіне бір жерге кешігіп жатқан, не асығып отырған жолаушылар жүгінеді.


Оқи отырыңыз: "LRT мен BRT салынады". Алматыдағы кептеліс қалай шешіледі?


Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қауымдастық тарапынан мұндай ұсыныс түспегенін айтты.

"Мен таксилердің арнайы автобус желілерімен жүруге қарсымын. Қаладағы көлік жағдайы қиын болғандықтан, ең болмағанда кептеліс кезінде арнайы автобус желілерінде таксидің жүруін шектеуді ұсынамын", – деді қоғамдық кеңес мүшесі Гүлмира Байғабылова.

Серіктестер жаңалықтары