Алматыда жылу энергиясын тұтынушыларға арналған "Қарызды өтеп, өсімпұлдан құтыл!" акциясы басталды. Бұл туралы "Алматы жылу жүйесі" ЖШС хабарлады.
Акция аясында тұрғындар жылу және ыстық сумен жабдықтау қызметтері бойынша негізгі қарызын толық өтеген жағдайда есептелген өсімпұлдан босатылады. Сонымен қатар негізгі берешекті өтеу борышкерлердің мүлкі мен банк шоттарына қойылған тыйымдар мен шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді.
Акцияға қатысу үшін негізгі қарызды тамыз айынан желтоқсанның соңына дейін толық өтеу қажет. Қарыз өтелгеннен кейін тұтынушылар "Алматы жылу жүйесі" ЖШС-не өтініш, eGov mobile арқылы алынған жеке куәліктің цифрлық нұсқасын және негізгі қарыздың төленгенін растайтын құжатты info@alts.kz электрондық поштасына жолдауы немесе тұрғылықты жері бойынша тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарының біріне жүгінуге тиіс. Берешек мөлшері немесе есептелген төлемдер бойынша кеңес алу үшін 341-07-77 анықтама қызметіне хабарласуға болады. Сондай-ақ +7 (775) 990-50-63 WhatsApp нөмірі (тек хабарлама қабылдайды) жұмыс істейді", – делінген хабарламада.
"Алматы жылу жүйесі" ЖШС егер қарыз белгіленген мерзімде өтелмесе, тұтынушылар жылумен жабдықтау қызметінен ажыратылып, берешек сот тәртібімен өндірілетінін ескертті.