Тікелей эфир

Алматыда жыл басынан бері 44 рет жер сілкінді

Шілде айынан бастап қалада сейсмикалық аудит жүргізу жоспарлануда.

2023 жылдың басынан бері Алматыда 44 жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында мәлімдеді.

"Алматы жер сілкінісі ықтималдығы 10 баллға дейін жететін сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Тектоникалық процестердің белсенділігі ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігіне әсер етеді. Осыған байланысты 15 мың ғимаратты, 1600-ден астам көппәтерлі тұрғын үйлерді паспорттау жұмысын жүргізуге жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлу жоспарлануда", - деді Асқар Әмрин.


Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінісі кезінде халыққа көмек көрсететін 384 пункт құрылады


Асқар Әмриннің айтуынша, 2-3 баллдық жер сілкінісінің өзі тұрғындар үшін қатты сезіледі. Әкім орынбасары 2017-2018 жылдары10158 нысанды "ҚазҚСҒЗИ" АҚ  сейсмикалық төзімділікке тексерілгенін айтып өтті. Нәтижесінде 3087 нысан сейсмикалық емес деп танылған.

"Тектоникалық бұзылу аймағында 1116, оның ішінде сейсмикалық төзімді - 754, сейсмикалық емес - 362 нысан орналасқан. Биыл екінші жартыжылдықтан бастап қаланың 16,7 мың нысанына жаңа сейсмикалық аудит жүргізу жоспарлануда. Осы нәтижелер бойынша қаланың аса қауіпті және қауіпсіз объектілерінің жай-күйін көрсететін карта, сондай-ақ жер сілкінісі салдарының алдын алуды ұйымдастыру, ғимараттардың сейсмикалық төзімділік нормаларын күшейту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетін болады", – деп түйіндеді әкімнің орынбасары.

Серіктестер жаңалықтары