Алматы қаласының Наурызбай ауданында "Алматы — біздің ортақ үйіміз" науқаны аясында 7,7 шақырымға созылып жатқан "Қарғалы" өзенінің жағалауы қайта жаңғыртылуда. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Еске салайық, науқанның үшінші аптасы "Біздің қала – біздің таулар, өзендер мен көлдер" ұраны аясында өтуде. Апта ішінде жағалаулар мен су айдындары, саябақтар, скверлер мен тау бөктері тазартылады.
Қарғалы жобасының мақсаты — бұл аймақтың экожүйесін сақтай отырып, қала тұрғындарының демалуы үшін неғұрлым ыңғайлы әрі тартымды орта жасау.
"Мұнда өзен арнасын тазартып, серуендеу аймағын құру жоспарланған. 3 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Сондай-ақ көпжылдық гүлдер мен шөптердің гүлзары, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар мен бұталар егіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырымға жететін суармалы су құбыры тартылады. Ұзындығы 4,3 шақырым болатын 196 жарық бағанасы орнатылады. Келушілердің жайлылығы үшін 135 орындық пен қоқыс жәшігіне қою жоспарда бар", – деп жазылған хабарламада.
Көпір жолын қайта құрып, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қауіпсіздік пен қолжетімділік қамтамасыз етілмек. Тротуарлар мен велосипед жолдарын орнату қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Пәтер, Lexus және Яндекс сервистеріндегі табыс: Алматыда борышкерлер алименттерді қалай төлейді?
Бұл жоба «Қарғалы» өзенінің жағалауын қала шетіндегі бірегей табиғи саябаққа айналдырады. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қараша айына дейін аяқтау жоспарда бар.