Алматы қаласында нөсер жаңбыр салдарынан Бостандық ауданындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде топырақ көшіп, тұрғын үйдің шатырына зақым келді. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Құтқарушыларға шақырту 16 сәуір күні кешке түскен. Оқиға "Ремизовка" бау-бақша серіктестігі аумағында болған.
Мамандардың айтуынша, нөсер жауын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, шамамен 300 текше метр жер массасы сырғыған. Соның нәтижесінде бір үйдің шатыры зақымданған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
"Оқиға орнына 40-қа жуық құтқарушы жұмылдырылған. Қазіргі уақытта Алматыда жаңбыр екінші тәулік қатарынан жауып тұр. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды тауға баруды уақытша кейінге қалдыруға шақырды", – делінген хабарламада.
Мамандар көшкін қаупінің алдын алу үшін мынадай кеңестер береді:
- герметикалық емес септиктерді, әжетханалар мен шұңқырларды пайдаланбау;
- жеке үй иелері мен бау-бақша серіктестіктерінің басшылары суару жүйелері, кәріз және дренаж жүйелерін тұрақты бақылауда ұстауға тиіс;
- аумақта судың жиналуына жол бермей, жауын және еріген суды дер кезінде бұру қажет.