Алматы тұрғындарының жүк көліктерінің аулалар арқылы қатынауына қатысты шағымдарынан кейін полиция арнайы рейд ұйымдастырды. Тексеру барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын және абаттандыру ережелерін бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Алматыда тұрғын үй алаптарында жүк көліктерінің қозғалысына байланысты түскен шағымдардан кейін арнайы рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Полиция мәліметінше, тұрғындар жүк көліктерінің аулалар арқылы жүруі, көгалдар мен жасыл желек аумақтарына кіруі және абаттандыру қағидаларын бұзуы жөнінде бірнеше рет шағымданған. Сондай-ақ ассенизаторлық көліктердің жұмысына қатысты мәселелер де көтерілген. Осыған байланысты Алатау ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу мақсатында арнайы тексеру жұмыстары ұйымдастырылды.
"Рейд барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, көлік құралдарын пайдалану қағидаларының бұзылуы және қалалық инфрақұрылымды пайдалану жөніндегі заң талаптарының орындалмауы сияқты бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады. Анықталған барлық факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды", – делінген хабарламада.
Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Плаловтың айтуынша, тұрғындардың өтініштері негізінде нақты аумақтарда тексеру жүргізілген.
"Негізгі мақсат – тұрғын үй алаптарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрі қолайсыздық туғызатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады", – деді ол.
Полиция өкілдері тұрғындардың шағымдары бойынша бақылау мен тексеру шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.