Алматыда Жаңа жыл мерекесінде пиротехникадан 20 адам жарақат алды

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Жаңа жыл мерекесінде Алматыда 10 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртуы тіркелді.

Алматыда өткен Жаңа жыл мерекелері кезінде пиротехниканы қолдану салдарынан 20 адам жарақат алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылғы 4 қаңтар аралығында жедел жәрдемге 11 158 қоңырау түскен. Оның 10 059-ы бойынша бригадалар оқиға орнына шыққан.

"Медициналық қызметкерлер пиротехникадан алған жарақаттарға ерекше назар аударды. Биыл мұндай 20 жағдай тіркелді, оның 11-і – балалар. Ең кішкентай зардап шеккен баланың жасы – 4 жаста", – деді Андрей Ложкин.

Зардап шеккендердің:

  • 10-ы ауруханаға жеткізілді,
  • 7 адам медициналық көмекке өздігінен жүгінген,
  • 3 адам жеңіл жарақаттарына байланысты ауруханаға жатудан бас тартқан.

Екі науқасқа ауыр аралас жарақаттар диагнозы қойылған. Қалған зардап шеккендер қолдың күйігі мен көз жарақаттарын алған. Мамандардың мәліметінше, жаңа жыл түні жедел жәрдемге ең аз қоңырау түскен – барлығы 1900 шақырту. Бұл орташа тәуліктік көрсеткіштен шамамен 600-ге аз.

Жедел жәрдемге жүгінудің негізгі себептері:

  • тыныс алу жүйесі аурулары – 22,53%;
  • жүрек-қан тамырлары аурулары – 17,28%;
  • жарақаттар мен уланулар – 14,5%.

Дәрігерлер тұрғындарды мерекелік күндері, әсіресе пиротехниканы қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары