20 қыркүйек – Қала күні Алматының Бостандық ауданындағы Қазақфильм шағынауданында жаңартылған демалыс күнгі жәрмеңке ашылады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жаңғыртудан кейін аумағы 49 сотық болатын жәрмеңке толық абаттандырылған. Мұнда барлығы 112 сауда орны қарастырылған. Оның 100-і ашық, 7-еуі жабық павильонда орналасса, тағы 5 орын фудкорт аймағына бөлінген.
"Ашық павильонда демалыс күндері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін сатады. Ал жабық бөлікте отандық өндірушілер тауарларын тұрақты түрде ұсына алады. Жаңғырту жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүргізілген. Бұған дейін жұмыс істеген сауда орындары жәрмеңкенің қазіргі қатысушылары үшін сақталады. Жәрмеңке іске қосылғаннан кейін коммуналдық нарықты әкімшілендіру және тауарлардың белгіленген бағасының сақталуын бақылау жұмыстарын "Алматы" ӘКК" АҚ жүргізеді", – делінген хабарламада.
Демалыс күнгі жәрмеңке тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін фермерлер мен өндірушілерден делдалсыз тікелей сатып алуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Алматыда осындай 300-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылған.
Онда Алматы қаласы мен Алматы облысының фермерлік және жеке шаруашылықтары өндіретін 1 мыңнан астам өнім түрі ұсынылған. Ассортиментте жаңа сойылған ет, жұмыртқа, көкөніс пен жеміс, қышқыл сүт өнімдері, шұжық, бал және басқа да тауарлар бар.
Қалалық жәрмеңкелерге апта сайын шамамен 50 мың тұрғын келеді.