Алматыда Warner Bros атауын пайдаланған қаржы пирамидасы әшкереленді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
3,8 млн USDT бұғатталды.

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті Warner Bros атауын пайдаланып құрылған қаржы пирамидасына қатысты тергеуді аяқтады.

Тергеу материалдарына сүйенсек, ұйымдастырушылар азаматтарға жоғары табыс уәде етіп, инвестиция салуға үгіттеген. Жобаға заңды сипат беру үшін оның атауында танымал голливудтық компанияның бренді пайдаланылған. Қатысушыларға фильм трейлерлерін көру және жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылған.

"Пирамида 9 деңгейден тұрған. Орташа салым — 225 мың теңге. Барлық төлемдер тек USDT криптовалютасы арқылы қабылданған. Сызбаны кеңейту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер белсенді қолданылған: администраторлар арнайы чаттар құрып, оқыту өткізіп, нұсқаулықтар мен бейнероликтер таратқан, жедел табыс пен криптовалюта түріндегі бонус уәде еткен. Тергеу барысында салымшылар қаражатын сақтау және аудару үшін пайдаланылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды", – делінген хабарламада.

Сот үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 40 жәбірленушінің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, олардың залалы бұғатталған криптоактивтер есебінен өтелетін болды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары