Алматының Алатау ауданындағы Дарабоз шағын ауданында 12 қабатты тұрғын үйдің 11-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Оқиға туралы хабарлама "112" пультіне түскен.
Төтенше жағдайлар министрлігінің алғашқы бөлімшелері келген кезде пәтердің асүйінде ашық жалынмен өрт болып жатқаны анықталды.
Өрт сөндірушілер дереу барлау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары баспалдақ арқылы пәтерге көтеріліп, арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды.
Сонымен қатар ғимараттан шамамен 100 тұрғын эвакуацияланды.
Өрт толық сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.