Алматыда қоғамдық тамақтану орындары мен жеке сектордан атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Eco Almaty ЖШС хабарлады.
Мониторинг барысында Бостандық ауданындағы 17 қоғамдық тамақтану орны тексерілді. Оның екеуінде түтін шығарындыларын тазартуға арналған арнайы сүзгілер орнатылған.
Қалған 15 нысанға мұндай сүзгілерді орнату 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
Сонымен қатар сегіз қоғамдық тамақтану орнында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіп иелеріне атмосфералық ауаға кері әсерді азайту және экологиялық талаптарды сақтау бойынша ұсынымдар берілді.
Eco Almaty мәліметінше, мониторинг пен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясында тұрақты түрде жүргізіледі.