Алматыда Яссауи көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 тамыз сағат 23:00-ден 13 тамыз сағат 10:00-ге дейін Жандосов көшесінен Шаляпин көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы жабылады.
"Жөндеу жүргізіліп жатқан учаскеде ескерту белгілері және мердігер ұйым басшысының байланыс деректері көрсетілген ақпараттық тақта орнатылады. Жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз", – делінген хабарламада.
Еске салайық, көлік қозғалысына енгізілетін шектеу туралы барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларында, сондай-ақ 2GIS және "Яндекс Карталар" қосымшаларында жарияланады.