Болат Өтемұратов қорының Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы 2021 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 50 мектебінде іске қосылды. Оқу жылы ішінде 5-11-сыныптардың 12,5 мыңға жуық оқушысы сыни тұрғыдан ойлауға, топта жұмыс істеуге, көпшілік алдында сөз сөйлеп, өз пікірін дәлелді жеткізуге үйренді. Жоғары белсенділік пен ынта танытқан 450 мектеп оқушысы Алматыда екі лекпен өтіп, 17 шілдеде аяқталған бірінші Jas Leader форумының қатысушысы болды.
Форумға қатысушыларға арнаған құттықтауында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов келесіні белгіледі:
"Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы сіздерге шығармашылық және көшбасшылық әлеуетіңізді аша отырып, бүгінгі таңда сұранысқа ие дағдыларды дамытуға арналған құралдар ұсынды. Енді алған біліміңізді қалай пайдаланатыныңыз сізге байланысты. Жаңа Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосатыныңызға сенімдіміз".
Бес күн ішінде мектеп оқушылары тренингтер мен ойындарға қатысып, көшбасшылық, шешім қабылдау, қарым-қатынас жасаудағы білімдері мен дағдыларын іс жүзінде қолдана алды. Түркістан қаласындағы №14 мектептің 11-сынып оқушысы Айару Бақытжанқызы айтқандай, көшбасшылық бағдарламасы бойынша сабақтар оның көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын жеңуге көмектесті:
"Мен қыркүйек айынан бастап өз мектебімдегі Jas Leader Akademiiasy-ның барлық факультатив сабақтарына қатыстым. Осы уақыт ішінде сөз сөйлеуге дұрыс дайындалу туралы білім алғандықтан, сөз сөйлеуге, өз пікірімді айтуға қорқуды қойдым. Бірақ ең бастысы, басқаларды тыңдауды, олармен араласуды үйрендім. Бір-бірімізді құрметтеу арқылы біз шешімдерді бірге табамыз".
Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы ең маңызды міндеттердің бірін – қазақ тіліндегі заманауи білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуді шешеді. Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетовтың айтуынша, үздік шетелдік тәжірибелерді жинақтау және бейімдеу бағытында сарапшылармен бірлесе біршама жұмыстар атқарылған:
"Алғаш рет мектептерде ана тілінде оқытылатын халықаралық озық тәжірибені бір бағдарламаға жинақтадық. Форумға қатысушылармен кездесіп, олардың құлшыныспен жанып тұрған көздерін көрдім, жетістіктері мен жеңістерін өздерінен білдім. Демек, біз дұрыс бағытта жылжудамыз және қазақстандықтардың өскелең ұрпағына бағытталған жобаларды дамытуды жалғастырамыз".
Жобаға қатысқан мұғалімдер де жаңа дағдыларды меңгере алды. Түркістан қаласындағы № 23 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәуленбекова алған білімдері мен дағдылары тек оқушылармен жұмыс істеуде ғана емес, өз балаларымен қарым-қатынаста да көмектесетінін мойындады:
"Мұғалімдердің жүктемесі әрқашан да зор болады және кейде күнделікті жұмыстармен біздің басты міндетіміз – балаларға олардың білім алу жолында көмектесу екенін ұмытып кетеміз. Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы бойынша мұғалімдерге арналған оқытудан өткеннен кейін мен оқушыларды сөйлеп, талқылауға ынталандыра бастадым, сабақтарымыз қызығырақ өтетін болды. Мамандыққа деген махаббатым қайта оралды. Тіпті балаларым да байқады, мен олардың еркеліктерін қабылдап, мұқият тыңдап, оларды үй шаруасын талқылауға жұмылдыра бастадым".
Жаңа оқу жылынан бастап Болат Өтемұратов қоры бағдарламаны Жамбыл және Қызылорда облыстарында кеңейтуді жоспарлауда. Осы айдың өзінде таңдалған 50 мектепте мұғалімдердің біліктілігін арттыру басталады. Бір аптаға созылатын тренингте мұғалімдер Jas Leader Akademiiasy бағдарламасымен танысып, заманауи білім беру тәсілдерін меңгереді.