Қазақ кино өнерінде есімі елге танымал режиссер және сценарист Нариман Төребаев 13 наурыздан бастап Алматыда "Күндер" атты жаңа фильмінің түсірілімін бастады. Туынды өлімге әкелетін ауру диагнозы қойылғаннан кейін өмірінің тас-талқаны шыққан қарапайым адам туралы баяндайды.
Түсірілім жұмыстары сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Негізгі локация – Алматы қаласы. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілуде. Картина келесі жылдың басында толығымен аяқталып, содан кейін әлемдік фестивальдерге жөнелтіледі.
"Бұл өзін-өзі жоғалтқан жанның трагедиясы. Ол өміріндегі барлық нәрседен айырылып, өзіне жақын адамдардың бәрінен теріс айналған. Өлер алдында ол мұны түсінуге тырысқанымен, сәтсіз болады. Бұл – адам баласының өз бақытын жалған заттарға алмастыруы туралы хикая", – дейді режиссер Нариман Төребаев.
Картинаның сценарийі бірнеше жыл бұрын жазылған. Режиссер атап өткендей, кез келген режиссер, тіпті ең радикалды авторлық болсын, өзінің киносын мүмкіндігінше көп адам көргенін қалайды. Сондықтан да ол бұл фильм тек фестивальдарда ғана емес, прокатқа да шығып, стримингтерде көрсетіледі деп үміттенеді.
Басты рөлде Болат Шанин, ал екінші планда отандық кинематографтың жаңа жұлдыздары – Шұғыла Ешенова ("Шекер. Соңғы мүмкіндік"), Шыңғыс Бейбітұлы ("Жошы хан. Ұлы Ұлыстың әміршісі") және Елжан Тұрыс ("Жаужүрек мын бала").
"Мен әрқашан өзімді осындай фестиваль жобаларында сынап көргім келген. Мұнда сіз асықпай жұмыс істейсіз және бизнес емес, шығармашылық бірінші орында тұрады. Режиссердің көзқарасы ұнады, актермен етене жұмыс істейді. Дәл осындай жобаларда актер шындалады, өседі", – деп атап өтті Шыңғыс Бейбітұлы.
Фильмді түсіруге Нариман Төребаевқа оның тұрақты командасы – оператор Айдар Мұсабеков, композитор Ғалымжан Секеев және қоюшы-суретші Алексей Филимонов көмектесіп жатыр.

Еске сала кетсек, Нариман Төребаевтың алдыңғы "Ол шайнекті сатып алды" картинасы Қазақстанның киносыншылар Қауымдастығының жыл сайынғы "Сыншылар таңдауы 2024" сыйлығында жеңімпаз атанып, онда ол "Үздік режиссер", "Үздік монтаж" және "Үздік саундтрек" номинацияларында жеңіске жеткен.
USD:
510.1 / 514.1
EUR:
594.5 / 599.5
RUB:
6.39 / 6.51