Биыл "Мектепке жол" жалпы республикалық акциясы өтеді. Акцияның мақсаты – әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мәлімдеді.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты "Мектепке жол" дәстүрлі акциясы www.atamekenim.kz платформасында өтеді. Көмекке мұқтаж ата-аналар өтініштерін осы сайтта қалдырады. Сондай-ақ, демеушілер мен меценаттар көмек қолын созғысы келсе, www.atamekenim.kz платформасына жүгінеді. Платформа тұрақты әрі ашық түрде жұмыс істейді.
"Ақпарат барлық ата-анаға түрлі мессенджер арқылы жеткізілді. Сондай-ақ, сайттар мен әлеуметтік желілерде орналастырылды. Көмек көрсетудің дәстүрлі әдістері де жалғасатын болады. Қаланың білім беру ұйымдарында оқушыларға мектепке дайындыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Көмекке мұқтаж балалардың деректер базасы құрылды. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін "жедел желілер", "сенім" телефондарының жұмысы ұйымдастырылды. Бұдан өзге қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілерді, меценаттарды, мемлекеттік құрылымдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде", – деді Қайрат Жұманов.
Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан 23 мыңнан астам оқушыға 800 млн теңгеден астам бюджет қаражатына көмек көрсетілді. Сонымен қатар, "Мектепке жол" акциясы аясында демеушілер есебінен 9 022 оқушыға 123 млн 399 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Оның ішінде:
- 1 297 бірінші сынып оқушысына 32 млн 583 мың теңгеге мектеп формасы;
- 2 721 бірінші сынып оқушысына 19 млн 110 мың теңге сомасына рюкзактар мен мектеп керек-жарақтары;
- 2-ден 11-сыныпқа дейінгі 6 278 оқушыға 71 млн 706 мың теңгеге киім және оқу-жазу құралдары сатып алынды.
Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсеткісі келетіндер тұрғылықты жері бойынша білім бөліміне немесе тікелей білім беру ұйымына хабарласа алады.
Еске салсақ, "Қазақстан мұғалімі – 2021" ұлттық сыйлығы шеңберінде 30 шағын грант конкурсына өтінім қабылданып жатқаны туралы хабарлаған едік.