Тікелей эфир

Алматыда мектеп оқушылары дәстүрлі форматта оқуы үшін мұғалімдердің 98%-ы екпе алды

Қазір қалада 15 728 ПТР-тест зертханасы жұмыс істеп тұр. Алда олардың саны 27 мыңға дейін жеткізіледі.

Алматы қаласында оқушыларды офлайн форматқа көшіруге байланысты коронавирустың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда қаладағы ұстаздардың 98 пайызы екпе алған. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді. 

2021 жылдың басынан бері Алматы қаласында 74 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырса, соңғы екі аптада алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылар саны 1,2 есе өскен. Бұған дейін 10 700 адам КВИ жұқтырады деп болжанғанымен, 1-27 шілде аралығында олардың саны 18 118-ге жетті.  

"2020 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін 492 424 адам КВИ жұқтырды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірге 30 қыркүйекке дейін – алдағы үш айға болжам жасалды. Аурудың шарықтау шегі тамыздың бірінші он күндігіне келеді. Болжаммен – 12  тамыз. Жұқтырғандар саны 1 900-ден асып, 2 мыңға дейін жетуі мүмкін. 2021 жылдың тамызында – 34 500 жағдай, ал қыркүйекте 4 500 жағдай тіркеледі деген болжам бар", – деді Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев. 

Ведомство басшысы сырқаттанушылар санының өсуіне қарамастан, ауруханаларда 7 мың инфекциялық ауруға арналған орын барына тоқталды. Сондай-ақ, қосымша 3 мың төсек орын жүктемесі бар. Эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайда, тағы 2 мың төсек орын дайындау жоспарда бар. Мұнымен қатар, Нариман Табынбаев науқастарға жақсырақ көмектесу үшін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып отырғанын бөлісті. 

"Дәлірек айтқанда, Франция, Америка, Израиль мамандарымен жаңа штамм туралы телекөпір-вебинар жасап, сол арқылы тәжірибе алмасуға жағдай жасалып отыр. Қазір жансақтау бөлімдері медициналық техникалармен толық жабдықталған. Телемедицина мен емхана ұйымдарындағы науқастар саны 5 мыңнан асып, қазір 7 361 адамға жетті. Бір күн ішінде 700-800 адамды тіркеуге алып отырмыз. Жағдайы ауыр науқастарға консультация беру үшін арнайы топтар құрылды. Жедел медициналық жәрдем алу үшін 2 700-ден астам қоңырау соғылған", – деді ведомство басшысы.

Бұдан өзге ол дәл қазір 15 728 зерттеуге арналған ПЦР-тест зертханасының жұмыс істейтінін, алда олардың саны 27 мыңға дейін артатынын айтты. Қалада бір күнде 15-20 мың адам екпе ала алады. 

27 шілдедегі жағдай бойынша, вакцинаның І компонентімен халықтың – 32,9%-ы, ІІ компонентімен 21,4%-ы қамтылды. Яғни, бірінші компонент – 685 710, екінші компонент 446 906 адамға салынды. Жалпы Алматы тұрғындарының 62,7%-ының денсаулығы екпені көтереді.

"Мектеп оқушылары офлайн оқи алуы үшін мұғалімдердің екпе алу жұмысы жалғасып жатыр. Қазір 98%-ы алды. Осыған ұқсас ЖОО-ларда да жұмыстар жалғасуда. Студенттер қазір қаладан тыс жерлерде болғандықтан, олардың 28%-ы ғана екпе алды. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 95%-ы вакцинамен қамтамасыз етілді", – деді ведомство өкілі. 

Еске салсақ, екпе алғаны үшін студентке жеңілдік ұсынатын ЖОО тізімі тағы онға көбейгені туралы хабарлаған едік. Осы жеңілдік аясында екпе алған студент жеке стартабын іске қосуға 5 миллион теңге алады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары