Жыл басынан бері Алматыда 56 мыңнан астам адам коронавирус індетін жұқтырды. Ал маусым айында 4 573 жағдай тіркелді. Осылайша соңғы екі аптада қалада коронавирус індетін жұқтырғандар саны 2,1 есе өсті. Яғни жұқтырғандар саны 1 142-ден 2 377 науқасқа дейін жеткен. Осы орайда Алматының Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин науқастарды емдеу орындарының көбейіп жатқанын хабарлады.
2 шілдедегі жағдай бойынша, соңғы тәулікте 353 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бір тәулікте жұқтырғандар саны 0,4% өсті.
"Елде үшінші толқынның басталуына "британ" штамы әсер еткен болатын. Ол басылмай жатып төртінші толқын басталып отыр. Мұның басты себебі – "британға" "дельта" штамының қосылуы. Қазірдің өзінде қалада 85 адамнан "дельта" штамы анықталды. Бұл барлық коронавирус нұсқасының 78%-ын құрайды. Сондай-ақ, қазір басқа штамдарға қарағанда "альфа" науқастарда аз кездеседі", – деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитар дәрігер 2020 жылмен салыстырғанда, медициналық инфрақұрылым мен науқастарды емдеу орындарының жеткілікті екенін атап өтті. Үшінші толқынға 7 011 орын дайындап, "жасыл" аймаққа өткен соң оны 1 760 орынға дейін қысқартқан.
"Тез таралатын штамм пайда болғалы "қызыл" аймаққа қайта өттік. "Дельта" штамының энкубациялық уақыты 7 тәулікке дейін созылады. Басқа штамдармен салыстырған екі есе аз әрі тез жұғады. Сондай-ақ, оны жұқтырған науқастарда іштің өтуі, есту қабілетінен айырылу сынды жаңа белгілер пайда болған. Ауыр жағдайлар көбейгендіктен, кісі өлімі артатыны түсінікті", – деді Жандарбек Бекшин.
Бұдан өзге, эпидемиолог 2 шілде күні шыққан Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысына сәйкес, науқастарға арналған орындардың артатынына тоқталды. Қазір артық 3 500 орын бар. Науқастар Алматы қаласының жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы, әскери госпиталь және Almaty Arena-да емделуі мүмкін. Соңғысында науқастарды жатқызатын 1 000 орын болады.