Ішкі істер министрлігі криминалитеттің бизнеске қысым көрсету фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жедел іс-шаралардың нәтижесінде Алматы қаласында жұмыскерлері қылмыстық ортаның өкілдері болған күзет ұйымының құқыққа қарсы қызметі жойылды. Олар қақтығыс жағдайлар мен арандатулар жасау арқылы объектілерді басып алумен айналысқан. Кейіннен олардың "қауіпсіздігін" қамтамасыз еткен", – делінген хабарламада.
Мысалы, өткен жылғы 23 қарашада фигуранттар криминалдық қамқорлық жасау және ықпал ету саласын кеңейту мақсатында караоке-барға басып кіріп, онда мекеменің иесі мен күзетшілерін ұрып-соққан.
"Полицияға 10 күдікті жеткізіліп, олардың алтауы қамауға алынды. 20-дан астам іздеу іс-шаралары жүргізіліп, атыс және суық қару тәркіленді. Бұзақылық пен өз бетінше билік етудің бірнеше фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.