Тікелей эфир

Алматыда ішектің қабыну аурулары жөніндегі республикалық мектеп өз жұмысын бастады

ІҚА бар пациенттердің бірыңғай базасын құру өңірлерде ауруды анықтауды жақсартуға мүмкіндік береді.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Қазақ Ішекті зерттеу ғылыми қоғамы және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ұйымдастыруымен, қазақстандық және шетелдік спикерлердің қатысуымен Ішектің қабыну аурулары жөніндегі республикалық мектеп өз жұмысын бастады. 

Қазақстанда ІҚА ауруы бірнеше жылдан бері өршу үстінде. Ішектің созылмалы патологиялары жасарып, балалар мен жасөспірімдер де сырқатқа шалдығуда. Әрине, бұған ауруды анықтау мен диагностиканың жақсаруы, халықтың заманауи диагностикалық технологияларға қолжетімділігі, мамандардың хабардарлығы мен дайындығын арттыру ықпал етеді. Сонымен қатар, сырқаттанушылықтың өсуі емдеу хаттамаларын жаңартуды, дәрігерлердің сапалы даярлығын және біліктілігін арттыруды талап етеді.

"Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ көптеген жылдар бойы асқазан-ішек жолдарының патологиясы бар пациенттерге көмек көрсету жөніндегі республикалық жетекші орталық болып табылады, оның қызметкерлері диагностикалық әдістерді жетілдіруге тынымсыз еңбек етуде. Мәселен, ағымдағы жылы ҒЗИ-да МР-энтерография, энтероскопия және ішектің трансабдоминальды УДЗ енгізілді, бұл елдегі ішектің қабыну ауруларын диагностикалау және уақтылы емдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті", – деді университет ректоры Марат Шоранов.

"Біздің институт терапевтік мамандықтарды, соның ішінде еліміздегі гастроэнтерологияны дамытуға бағыт алды. ҒЗИ мамандары асқазан-ішек жолдарының патологиясын, оның ішінде ішектің қабыну ауруларын диагностикалау мен емдеуде жоғары тиімді технологияларды әзірлеу және енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Клиникалық қызметпен қатар, КІАҒЗИ-да тұрақты негізде білім беру және ғылыми іс-шаралар өткізіледі. Біз біліктілікті арттыру циклдарын жаңарттық, резидентураның бес терапевтік мамандығы бойынша аккредиттеуден өттік. Жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі - ғылыми жобаларды іске асыру. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық аясында Түркия, Жапония, Ресей, Корея және басқа да елдердегі серіктестерімізбен бұрынғы меморандумдар жаңартылғанын атап өткім келеді. Жоспарымызда - заманауи зертханалық қызметті дамыту, эндоскопия, гепатология, ревматология және басқа да терапевтік бағыттардағы мамандарымыздың сарапшы ретінде тәжірибесін жетілдіру", – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.

ІҚА бойынша жетекші маман, м.ғ.к. Джамиля Қайбуллаева атап өткендей, ауруды тиімді бақылау және асқынуларды азайту үшін ауруды ерте анықтау ғана емес, терапия мен аурудың барысын уақтылы бақылау маңызды. ІҚА бар пациенттердің бірыңғай базасын құру республика бойынша ІҚА ауруы мен таралуы туралы нақты мәліметтер алуға, сондай-ақ өңірлерде ауруды анықтауды жақсартуға мүмкіндік береді.

Ішектің қабыну аурулары жөніндегі республикалық мектеп өңірлердің гастроэнтеролог, колопроктолог, эндоскопист, терапевт, жалпы практика және сәулелік диагностика дәрігерлері үшін тәжірибе алмасу процесінде ІҚА бар пациенттерді бақылауды жақсартуға, халық пен мамандардың ауру туралы ақпараттануын арттыруға мүмкіндік береді.  

Пленарлық сессиялар барысында ІҚА бар науқастарға көмек көрсету мәселелері, терапияның заманауи трендтері, ІҚА емдеудегі халықаралық тәсілдер мен жергілікті тәжірибе, пациенттерді биологиялық терапияда периоперациялық бақылау, пәнаралық менеджмент мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ІҚА тіркелімі, зертханалық диагностика және ІҚА алдын алу мен емдеудегі тамақтану аспектілері туралы айтылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары