Алматы тұрғындары 2026 жылғы 15–16 сәуірі күндері өтетін пайдаланылмаған әрі жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді қабылдауға арналған экологиялық акцияға қатыса алады. Акцияны Eco Almaty ЖШС мен ECO Network экологиялық ұйымы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
"Іс-шара "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында өтеді. Қала тұрғындары ескі дәрі-дәрмектерді емханаларда орнатылған арнайы контейнерлерге – экобокстарға тапсыра алады. Қазіргі таңда Алматыдағы медициналық мекемелерде осындай 36 экобокс жұмыс істеп тұр. Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаға қауіпті заттардың таралуының алдын алу және медициналық қалдықтарды қауіпсіз жоюды қамтамасыз ету", – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді тұрмыстық қоқыспен бірге тастауға немесе кәріз жүйесіне төгуге болмайды. Бұл топырақ пен су көздерінің ластануына, сондай-ақ антибиотиктерге төзімділіктің артуына әкелуі мүмкін.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай препараттар арнайы лицензиясы бар ұйымдар арқылы жойылуы тиіс. Көбіне олар жоғары температурада өртеу әдісімен залалсыздандырылады. Акция аясында таблетка, капсула, май, крем, гель, ампула, құты, шәрбат және сұйық ерітінділер қабылданады. Ал шприц, ине, жүйелер, мақта, бинт және қанмен жанасқан басқа да медициналық қалдықтар қабылданбайды", – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылар дәрі-дәрмектерді тапсырар алдында оларды тығыз қаптамаға салып орауды сұрайды.
Акцияға қатысатын емханалардың толық тізімі қаланың экологиялық бастамаларының ресми парақшаларында жарияланған.