Алматы прокуратурасының талап-арызы негізінде бұрын Теміржол апаттар медицинасы госпиталіне тиесілі болған ғимарат пен жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды Алматы прокуратурасы.
Прокуратура мәліметінше, 2018 жылы бірқатар кезектескен мәмілелер нәтижесінде денсаулық сақтау нысаны мен оған тиесілі жер учаскелері жеке меншікке заңсыз шығарылған.
Ведомствоның хабарлауынша, сауықтыру мақсатындағы жер учаскелері жер және мемлекеттік мүлік туралы заңнама талаптарын бұза отырып берілген. Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылардың өзара аффилирленгені және мемлекеттік мүліктің бәсекелестік ортадан тыс заңсыз иеліктен шығарылғаны дәлелденді.
Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енген, ал апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Оқи отырыңыз: 1414-тен келген код және жалған несие. Алматы облысы полициясы алаяқтардың айла-шарғыларын әшкереледі
"Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы аумағы 0,3 гектар болатын екі жер учаскесі мен ауданы 1 628 шаршы метр ғимарат қайтарылды. Бұған дейін прокуратура бұл мүлікті атқарушылық іс жүргізу аясында электрондық сауда-саттық арқылы сатудың күшін жойып, нысанға қатысты қосымша сот дауларының туындауына жол бермеген", – делінген хабарламада.