Алматының Алмалы ауданында 31 тамыздан 14 қыркүйекке дейін инженерлік желілерді тарту жұмыстарына байланысты Байзақов көшесінің бір бөлігінде автокөлік қозғалысы ішінара шектеледі. Бұл туралы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы хабарлады.
Шектеу Жамбыл көшесінен Шевченко көшесіне дейінгі аралықта енгізіледі. Бұл аумақта салынып жатқан "Шевченко-Байзақов" тұрғын үй кешеніне жылу, су құбыры және су бұру желілері тартылады.
"Жылу желісі Жамбыл көшесі, 168а мекенжайындағы қосылу нүктесінен салынып жатқан тұрғын үйге дейін жүргізіледі. Ал су құбыры мен су бұру желілері Байзақов көшесі, 232 мекенжайындағы қосылу нүктелерінен нысанға тартылады. Жұмыстарды Qazaq Stroy компаниясы атқарады. Жоба аясында кәріз желілерін монтаждау және кейін аумақты абаттандыру да жоспарланған. Барлық жұмысты 18 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр", – делінген хабарламада.
Жүргізушілерге уақытша шектеулерді ескеріп, бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады. Сондай-ақ жұмыс жүргізіліп жатқан аумаққа жақын жерде қауіпсіздік талаптарын сақтау сұралды.