Алматыда қала шаруашылығын 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл мәселе қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындар қысқа дайындық жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп жатыр. Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығына басымдық берілген.
"Қазір көппәтерлі тұрғын үйлердің басым бөлігі жылыту маусымына дайын. Білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы дайындық жұмыстары да толық аяқталған. Жылу көздері мен инженерлік желілерде гидравликалық сынақтар өткізіліп, ағымдағы жөндеу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл 20 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар жылу оқшаулағыштары ауыстырылып, негізгі жабдықтар қысқы жүктемеге дайындалып жатыр. Қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталып, қазір іске қосу-баптау шаралары жүргізілуде. Қажетті отын қоры да жасақталып жатыр", – делінген хабарламада.
Қалада электр инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүріп жатыр. Электр беру желілері, қосалқы станциялар мен трансформаторлық жабдықтар жаңартылып жатыр.
"Газбен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде де жоспарлы жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Газ құбырларының жоспарланған учаскелерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындар суық түскенге дейін қалған жөндеу және іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтап, қыс мезгілінде қала инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге тиіс", – делінген хабарламада.