Тікелей эфир

Алматыда 27 мың адамға АӘК-тен басқа төлем түрлері ұсынылады. Олардың жалпы сомасы – 1,8 млрд теңге

Жыл басынан бері 127 867 отбасы қайырымдылық көмекпен қамтылды.

Оңтүстік астанада атаулы әлеуметтік көмек алатындарға теледидар мен газ жабдығы беріледі. Сондай-ақ, тағы 27 мың адамға 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемнің басқа түрлері ұсынылады. Бұл туралы Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева мәлімдеді. 

Алматы қаласында 2021 жылдың 7 айында 55 мың адам әлеуметтік төлемнің 17 түрімен қамтылды. Қолдаудың бір түрі – атаулы әлеуметтік көмек. Назира Тоғызбаева атап өткендей, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын отбасыларға төленеді. Бұл – 27 112 теңге. 

"Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі алушылары – балалы отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер, мүгедектер және басқа да мұқтаж жандарға қарайтын отбасылар. Атаулы әлеуметтік көмектің міндеті – жұмысқа орналасу және қиын өмірлік жағдайдан шығу. Сондықтан олар жұмыспен қамту орталығына жіберіледі. Бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді", – деді әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы. 

2021 жылдың 7 айында Алматының 22,7 мың аз қамтылған азаматтарына 1,1 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.  

"2020 жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар АӘК алушыларға гигиеналық құралдар, тұрмыстық химия мен балалар тағамдары кіретін кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Жоба Magnum сауда желілері арқылы жүзеге асады. Келісімшарт сомасы 607 млн теңгені (8 656 баланы қамтамасыз ету үшін) құрайды. Бүгінде 5,5 мың бала қамтамасыз етілді", – деп қосты Назира Тоғызбаева. 

Сонымен қатар, АӘК алушыларына теледидар мен газ жабдығы беріледі. Тағы 27 мың адамға 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемнің басқа түрлері ұсынылады. 

Жалпы жыл басынан бері 127 867 отбасы қайырымдылық көмекпен қамтылды. Оларға киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, ыстық тамақ, мүгедек арбалары, спорт клубтарына жазылу және тағы басқалар берілді. 

Еске салсақ, Алматыда "Мектепке жол" акциясы аясында аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларға көмек көрсетілетіні туралы хабарлаған едік. Демеушілер мен меценаттар көмек қолын созғысы келсе, www.atamekenim.kz платформасында өтініш қалдыра алады.

Серіктестер жаңалықтары