Алматыда 200 тоннадан астам алма сатылатын фестиваль өтеді

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда 19-20 қыркүйекте ауқымды фестиваль өтеді.

Қала күніне орай Алматыда 19–20 қыркүйекте Alma Qala Fest фестивалі өтеді. Ауқымды мәдени іс-шара Панфилов және Жібек жолы жүргіншілер көшелерінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Фестиваль Алматының тарихы мен заманауи келбетін таныстыруға, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, шығармашылық индустрияны қолдауға және қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі форматтағы демалыс ұсынуға бағытталған.

Фестиваль аумағында мәдениет, өнер, спорт, экология, цифрлық технология, гастрономия және балаларға арналған бірнеше тақырыптық аймақ жұмыс істейді.

Шараның негізгі бөліктерінің бірі – алма шаруашылықтарының жәрмеңкесі. Оған Алматы өңірінің 50 алма шаруашылығы қатысып, 200 тоннадан астам түрлі сорттағы алма ұсынады. Панфилов пен Қазыбек би көшелері маңындағы алаңда отандық өндірушілердің өнімдері таныстырылады.

"Алматы" көрме аймағында қаланың тарихы, сәулеті мен табиғатына арналған картиналар қойылады. Ал Елшіліктер аллеясында әр елдің ұлттық өнері, қолөнері және мәдени дәстүрлері таныстырылады.

Digital Zone-да цифрлық технологиялар мен интерактивті жобалар ұсынылады. Оның ішінде Алматы тарихына арналған AI технологиясы негізіндегі инсталляциялар болады. Eco Zone экологиялық бастамаларға, ал Ethno Zone ұлттық мәдениет пен қолөнерге арналады. Этноаймақта қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Спорт әуесқойлары үшін Sport Zone-да эстафеталар, спорттық және ұлттық ойындар өтеді. Балалар аймағында аниматорлар, батуттар, аквагрим, сабын көпіршіктері мен азот шоуы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ Алматының гастрономиялық әлеуетін таныстыратын арнайы аймаққа 25 қалалық мейрамхана қатысады.

Киносүйер қауым үшін арнайы аймақта "Жас емес жұбайлар", "Мәди in China", "Сыныптас", "Қолымнан ұста", "Заман Back", "Мафия" және қазақ киносының алтын қорындағы фильмдер көрсетіледі. Көрермендер "Заман Back" және "Фамилия" фильмдерінің актерлерімен кездесуге де қатыса алады.

Музыкалық бағдарлама бірнеше сахнада өтеді. Бас сахнада ФЭА "Отырар сазы", MuzartLIFE, Райым Уайыс, "Әдемі ай" дуэті, Құдайберген Бекіш және Еркебұлан Құмаров өнер көрсетеді.

Кіші сахна №1-де Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Ақерке Амалят, Нұрмұхаммед Жақып, "Хазар" тобы, Даро және Венера Алпысбаева өнер көрсетеді.

Ал Жібек жолы көшесіндегі Кіші сахна №2-де Live band Rockn rolla, "Астра" тобы, Нұрдәулет Карлов, Әлем Құсайынова және Азамат Төрехан өнер көрсетеді. Сонымен қатар иммерсивті қуыршақ театрының қойылымы ұсынылады.

Фестивальге байланысты Төле би және Қазыбек би көшелерінің Абылай хан даңғылы мен Назарбаев даңғылы аралығындағы учаскелері 17 қыркүйек сағат 15:00-ден 21 қыркүйек сағат 03:00-ге дейін уақытша жабылады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау