Тікелей эфир

Алматыда 150 адамды жұмыспен қамтитын қонақүй бизнесі неге тұралады?

Коронавирус пандемиясы кезінде қонақүйдің несиесін банк коллекторлық агенттікке өткізіп жіберген.

Алматыда 3 жыл бұрын ашылған DoubleTree by Hilton қонақүйінде 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың арасында әлеуметтік осал топқа жататын отбасы өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс істейтін болса, олардың бәрі енді жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы қонақүй басшылығы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп хабарлады.

Қонақүй құрылтайшысы Шолпан Қаранееваның айтуынша, қонақүй құрылысы 2016 жылы басталған. Оны салу үшін кәсіпкер Capital Bank банкінен 2025 жылға дейінгі мерзімге несие рәсімдеген. Бұл қарызды уақытылы төлеп келгенімен, локдаун кезінде клиент қабылдай алмаған қонақүй бизнесінің уақытша тоқтауына байланысты төлемді екі айға кешіктіреді. Осы уақытта банк локдаун уақытында зиян шеккен кәсіпкерлерге берілетін межелі 90 күндік жеңілдікті күтпестен, кәсіпкер несиесін коллекторлық агенттікке өткізген.

"Несие берілген кезде қонақүй 9 миллиард теңгеге бағаланды. Яғни, банк несие берерде қонақүйді кепілдікке алып, нақты бағасын бекіткен болатын. Қонақүй басшылығы қарыз міндеттемесін толықтай орындап, тек коронавирус себебімен жарияланған локдаун кезінде ғана төлемді екі айға кешіктіруге мәжбүр болды. Бір қызығы, несиесін төлемей жүргендердің ісі коллекторларға үш айдан соң, яғни 90 күннен соң берілуі тиіс. Ал бұл ретте несие беруші банк аталған 90 күнді толтырмастан, қонақүй басшылығының несиесін коллекторлық агенттікке табыстады", – деп түсіндірді кәсіпкердің қорғаушысы Дмитрий Сазонов.


Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясының Қазақстан экономикасына әсері қандай?


Еске салсақ, 2020 жылы жарияланған локдаунға байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің арнайы қаулысы шыққан болатын. Бұл қаулыда 2020 жылдың 1 қазанына дейін орта және шағын бизнес өкілдері үшін банктен жеңілдіктер, атап айтқанда несиесін кешіктіріп төлеуге мүмкіндік беру көзделген. Адвокат қонақүйге қатысты істе бұл қаулы ескерілмегенін айтады.

"Заң бойынша, кез келген адам несиесін уақытында төлей алмаса, оған мүмкіндік беріледі. Яғни, қалған қарызға жаңа график жасалып, соған сай жеңілдікпен төлем жасауына болады. Ал менің қорғауымдағы кәсіпкерден қарызды толық өтеу талап етілген. Бұл заңға қайшы. Сондай-ақ, коллекторлық агенттік кезінде банк 9 миллиард теңгеге бағалаған қонақүйді 5 миллиард теңгеге бағалап, "Байдалы" деген атпен құрылған жеке компанияға сатып жіберген. Мұнда да заңға қайшы келетін әрекеттер анық байқалып отыр", – деп атап өтті адвокат.  

Шолпан Қаранеева сотқа арызданғанымен, еш нәтиже болмаған. Ол енді Жоғарғы сотқа арызданбақ. Сондай-ақ, кәсіпкер мемлекет басшысынан да к-мек сұрап, істің әділетті шешілуін сұрап отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары