Тікелей эфир

"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы беретін несие сомасы арта ма?

Үміткерлер 18 миллион теңге пәтер алуға жетпейтінін айтады.

Үш жыл бұрын іске қосылған "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы бойынша қала ішінде үй тауып, ипотека рәсімдеу қиын. Өйткені, нарықта бұл бағада лайықты пәтер жоқ жоқ болғандықтан, бағдарламаға қатысушылар ипотекадан бөлек, тағы қосымша несие рәсімдеуге мәжбүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қала тұрғыны Жансая Әубәкірова бағдарламаға екі мәрте қатысып, оның талаптарына сай келгенімен, пәтер іздегенде қиналғанын айтады. Өйткені, пәтер бағасының қымбаттап кеткені сондай, 18 миллион теңгеге бағдарлама талаптарына сай келетін пәтер таппаған. Ақыр аяғы, қаланың шалғай бөлігіндегі әрі аумағы шағын ғана пәтерді ипотекаға рәсімдеудің өзіне қосымша 1 млн теңгеге жуық несие алған. 


Оқи отырыңыз: Биыл "Алматы жастары" бойынша несие сомасы арта ма?


"30-35 шаршы метрлік пәтерді 19-20 миллион теңгеге сатқан кезде, төбе шашым тік тұрды. 18 млн теңге неисе жетпеді, үстінен қосуымызға тура келді. 1 млн 800 мың теңге алғашқы жарна құйдық. Одан бөлек, 844 мың теңге қосуыма тура келді. Сондықтан, жеңілдетілген несие беру бағдарламасының қарызға беретін сомасын өсіру керек", – дейді Жансая Әубәуірова. 

Ал Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен Алматы әкімдігі коммуналдық инфрақұрылымдық даму басқармасы бұл мәселе алдағы уақытта талқыланатынын жеткізді. Алайда, бағдарлама бюджеті ұлғая ма, жоқ па – оны кесіп айту ерте деген әкімдік өкілдері нарықтағы бағаға ілесу қиын екенін алға тартады. 

"Мәслихатта бұл сұрақты көтереміз. Келесі жылға жоспарланып жатқан бағдарлама болған соң, бірден "көбейтеміз не көбейтпейміз" деп айта алмаймыз. Нарықты реттеу қиын болып тұр", – дейді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысының орынбасары Ермек Әміров. 

 

Серіктестер жаңалықтары