Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қарау нәтижесін жариялады. Бағдарламаға қатысу үшін 1–15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы 5 363 өтінім түскен.
Құжаттарды тексеру нәтижесінде 3 968 өтінім мақұлданды. Басқарманың мәліметінше, өтінім беру кезінде кейбір қатысушылар қызмет саласын қате көрсеткен. Алайда бұл техникалық қателік болғандықтан, олардың бағдарламаға қатысуына кедергі келтірмеген.
"Биыл бағдарлама аясында кемінде 1 650 тұрғын үй несиесін беру жоспарланып отыр. Осы мөлшердегі қатысушылар төлем қабілеттілігін растау үшін "Отбасы банк" АҚ-на жолдама алады. Кезектің алдын алу мақсатында жолдамалар апта сайын кезең-кезеңімен, әр жолы 550 қатысушыға беріледі. Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін қатысушыларға 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама тұрғын үй нарығынан баспана таңдап, 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй несиесін рәсімдеу мүмкіндігі беріледі. Құжаттарды қарау барысында 1 395 өтініш берушінің құжаттары бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген. Бұған үміткердің жеке меншігінде тұрғын үйінің болуы, соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығаруы немесе соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналарының аударылмауы себеп болған", – делінген хабарламада.
Егер мақұлданған қатысушылардың бір бөлігі төлем қабілеттілігін растай алмаса немесе белгіленген мерзімде баспана таңдамаса, олардың жолдамасы оң қорытынды алған келесі үміткерлерге беріледі.
Өтінімі мақұлданған және қабылданбаған үміткерлердің тізімі kezekte.kz порталындағы ALMATY JASTARY сервисінің "Тұрғын үй қызметтері" бөлімінде жарияланады.