Алматы тау кластерін дамыту жобасы практикалық кезеңге көшті. Дайындық жұмыстары "Шымбұлақ" тау курортында, сондай-ақ Бұтақты және Кімасар шатқалдарында басталды, деп хабарлайды "Almaty Tau Management" ЖШС.
"Шымбұлақ" курортында екі жаңа көтергіштің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі – төрт орындық аспалы жол, екіншісі – сүйретпелі көтергіш.
"Жаңа нысандар курорттың өткізу қабілетін арттырып, келушілер ағынын тиімді бөлуге және шаңғы тебуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұтақты шатқалында болашақ аспалы жол станцияларына арналған алаңдар әзірленіп, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс техникасы мен инженерлік желілер үшін «Бұтақты – 2000 м» технологиялық жолын салу басталды. Бұл жұмыстар шамамен 2–3 аптаға созылады", – делінген хабарламада.
Кімасар шатқалында болашақ базалық станция орналасатын құрылыс алаңы дайындалды. Жоба аумағындағы жасыл желектер де зерттеліп жатыр. Мамандар ағаштардың жағдайы мен орналасуын тіркеп, кейінгі жобалау кезінде табиғи ландшафтқа әсерді барынша азайтуды көздейді.
Компания мәліметінше, ағаштарды таңбалау оларды жоюды емес, зерттеу және есепке алу рәсімін білдіреді.
"Алматы тау кластері "Шымбұлақ" пен Oi-Qaragai курорттарын аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларының бірыңғай жүйесі арқылы біріктіруді көздейді. Жоба аясында экологиялық дәліздерді, су ресурстарын сақтау, тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу және табиғи ландшафтқа әсерді азайту шаралары қарастырылған. Сонымен қатар туристердің қауіпсіздігі үшін қар көшкінінен қорғану жүйесі, құтқару бекеттері мен медициналық пункттер қарастырылған. Көлік қолжетімділігін арттыру үшін тұрақтар, қоғамдық көлік, тегін электр шаттлдары және тау аумақтарын байланыстыратын бірыңғай қозғалыс жүйесі құрылады. Жоба жыл бойы спортпен шұғылдануға, шаңғы мектептерін дамытуға, бұқаралық іс-шаралар өткізуге және нұсқаушылар даярлауға мүмкіндік береді. Жоба жүзеге асқан жағдайда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның экономикалық тиімділігі жылына 500 млрд теңгеден асады деп болжанып отыр", – делінген хабарламада.