7 тамыздан бастап Жамбыл облысындағы "Алматы – Тараз (Жаңа Қордай асуы)" автожолының бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы хабарлады.
Компанияның мәліметінше, 159–238 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Осыған байланысты 2026 жылғы 7 тамыздан бастап жөндеу аяқталғанға дейін күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Тараз қаласы бағытына қарай көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Жөндеу жұмыстары кезінде Алматыдан Таразға қатынайтын көлік құралдары "Отар – Қордай – Қайнар" (Ескі Қордай асуы) автожолы арқылы бағытталады.
"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауға және жөндеу жүргізіліп жатқан аумақта барынша мұқият болуға шақырды. Компания уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.