"Алматы – Қаскелең" жолын кеңейту жұмыстары 20 шілдеде басталады

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
"Алматы – Қаскелең" жолы 8 жолаққа дейін кеңейтіледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізіп, "Алматы – Қаскелең" автожолын кеңейту жұмыстарын 20 шілдеден кешіктірмей бастауды тапсырды, деп хабарлайды Үкімет. 

Олжас Бектенов мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекен тұрғындарының "Алматы – Қаскелең" жолындағы көлік кептелісіне қатысты шағымдарына назар аударғанын айтты.

Премьер-министрдің айтуынша, мердігер ұйым осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдырып, құрылыс жұмыстарын 20 шілде күні бастауға тиіс.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы қажет", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жобаның қаржыландыру көлемі бекітілгенін айтып, оның құнын арттыруға жол берілмейтінін атап өтті. Сонымен қатар жер учаскелерін сатып алу кезінде алыпсатарлыққа жол бермеу үшін олардың бағасы 2026 жылғы 14 шілдедегі жағдай бойынша белгіленуі тиіс екенін тапсырды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Алматыдан Қаскелеңге дейінгі автожолдың 8 шақырымдық бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Жоба Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландырылады. Сонымен қатар:

  • екі жолайрық салынады;
  • тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі тұрғызылады.

Жоба аяқталғаннан кейін аталған учаскенің өткізу қабілеті екі есеге артады. Құрылысты аяқтап, жолды пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күн сайын 300 мыңға жуық автокөлік кіреді. Қаладағы көліктерді қоса есептегенде, тәуліктік қозғалыс көлемі 1 миллионнан асады.

"Алматы – Қаскелең" жолымен тәулігіне шамамен 60 мың автокөлік қатынайды. Сондай-ақ кеңесте Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы таныстырылды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жолдың құрылысы басталғанын айтты. Бұл жоба "Алматы – Қаскелең" жолындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Кеңесте сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту аясында Алматы – Есік, Алматы – Талғар бағыттарындағы автожол жобалары, рельсті көлікті дамыту және Алматы метрополитенін кеңейту мәселелері қаралды.

Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов Алматы агломерациясының көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау