Тікелей эфир

Алматы полициясына жақынын іздеушілерден үш арыз ғана түскен

Полиция бөлімдерінен іздеген адамын таппағандар мәйітхана, ауруханаларды да аралап іздеп жүр.

Алматыда бірнеше күннен бері үйінен шығып кеткен ата-анасын, ұлын, бауырын жоғалтқандар интернет қосылғалы жақындарына жаппай іздеу салып жатыр. Бірақ Алматы полициясына жақынын іздеушілерден үш арыз ғана түскен, деп хабарлады 31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасының тілшісі

Қала мәйітханасының алдында да адам қарасы азаймаған. Тіпті онда қайтыс болған адамның жақындарына салттық қызмет көрсететін компания көліктері көбейген. Біреуге жан қайғы болған тұста мәйітхана алдында кебінге керек кілем сатып тұрғандар бар. 

Із-түссіз жоғалғандардың бірі Жұбай Бақтияр Мәдиұлы 8 қаңтарда Алматының "Томирис" ықшам ауданындағы үйінен шығып, көлігіне отырып әкесін жұмыстан алып қайтуға кеткен. Жақындары бес күннен бері ұлдарының қайда екенінен хабарсыз. Тек көлігін Боралдай кентіне кіреберіс тұстағы бекеттің маңынан тапқан. Бақтиярды көрген білген адамдар болса жақындары +7 775 391 20 80 телефон нөміріне хабарласуды өтінеді. 


Оқи отырыңыз: Ерлан Саиров: Террорист, экстремист, тонаушы, тәртіп бұзушылардың ара-жігін ашу маңызды


Алматы полициясы Бахтияр Мәдиұлының ешбір полиция бөлімшесіне түспегенін айтады. Соңғы күндері қалалық құқық қорғау органдарына хабарсыз кеткен жақындарын іздеген азаматтардан үш шағым ғана түскен. 

"Соңғы жағдайлармен байланысты іс-түссіз жоғалғандардың саны өсті. Жақынын іздеушілер тұрғылықты мекенжайы бойынша немесе соңғы рет жоғалған адамды көрген орынға жақын маңдағы полиция бөлімшесіне арыз тастаса болады", – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.


Оқи отырыңыз: 8 өңірде бүлінген 53 мемлекеттік нысан жөндеуді қажет етеді


Жақынын іздеп жүргендердің көбі 31 арнаға хабарласқанымен сұхбат беруден бас тартып жатыр. Полиция бөлімдерінен іздеген адамын таппағандар мәйітхана, ауруханаларды да аралап іздеп жүр. Алматыда оқ атылғалы бір апта өтсе де мәйітханаларда қанша адамның денесі жатқаны, қанша адамның қаза тапқаны туралы ресми органдар анық ақпарат айтпай отыр. Мәйітхана қызметкерлері де алғашқы күндегідей тілшілермен тілдесуге құлықсыз. Есесіне мәйітханаларыдң есігінің алдында салттық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері өріп жүр. Олар кемінде екі адамның жерлеу рәсімін өткізіп жатқанын айтады. Тіпті қайтыс болған адамды кебіндейтін кілемнің де саудасы қызып тұр. 

"Соңғы күндері он шақты адамды жерлеу рәсімін өткіздік. Қайтыс болған адамдар жиырма жастан асқан жігіттер болды", – деді Михаил есімді салттық қызмет көрсету орталығының өкілі.

Мәйітхана қызметкерлері сұхбаттасқысы жоқ. Қазақстан Президенті айтқандай, түнде мәйітханаларға шабуыл жасап, қайтыс болған өз азаматтарын алып кеткендер туралы сұрақ та жауапсыз қалды. 

Серіктестер жаңалықтары