Алматы облысындағы Северцов мұздығынан туристер тапқан адам мәйітін төменге түсіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары оқиға орнына аттанды. Бұл туралы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыстар жүргізілетін жерге ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" әуе борты ұшып барды. Оның құрамында ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары бар.
"Северцов мұздығы теңіз деңгейінен шамамен 4300 метр биіктікте орналасқан. Құтқарушылардың жұмысына биіктіктің едәуір болуы, аумақтың жетуі қиын орналасуы, күрделі таулы жер бедері, тік беткейлер және биік таулы аймақтың қолайсыз жағдайлары кедергі келтіріп отыр", – делінген хабарламада.
Құтқарушылар мәйітті төменге түсіргеннен кейін оны Алматы облысының полиция департаменті қызметкерлеріне тапсырады.
Еске салайық, 16 тамызда туристер Северцов мұздығынан адам сүйектерін тапқан. Олар төтенше жағдайлар қызметіне оқиға орнының координаттарын, фотосуреттер мен бейнежазбаларды жіберген. Қазір мәйітті эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.