Алматы облысында есірткіні заңсыз өндірудің толық циклін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Күдіктілер қарасораны жасырын өсіріп, дайын өнімді VIP-санаттағы клиенттерге сатып келген, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері Алматы облысы полиция департаментімен бірлесіп, есірткіні заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топты ұстады.
Министрліктің мәліметінше, топ құрамындағылар құрамында есірткісі бар өсімдіктерді жасырын өсіріп, оларды өңдеп, дайын өнімді тұрақты клиенттерге өткізудің барлық кезеңін ұйымдастырған.
"Тергеу барысында автоматтандырылған желдету жүйесімен, температура, жарық және суаруды бақылайтын датчиктермен жабдықталған фитозертхана анықталды. Онда жыл бойы қарасораның жоғары концентрациялы сұрыптары өсірілген. Жасырын кіреберісі бар жертөлені тінту кезінде 29 түп қарасора, 27 келі дайын есірткі, арнайы өсіру жабдықтары, электрондық құрылғылар, байланыс құралдары, қылмыстық жолмен табылған 3 миллион теңге, сондай-ақ оқ-дәрісі бар тіркелмеген қару тәркіленді", – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, фитозертхананы ұйымдастырған 40 жастағы ер адам ұзақ уақыт бойы каннабис өсіру технологиясын зерттеп, шетелдік мамандардан тәжірибе жинаған. Ол арнайы жабдықтарға тапсырыс беріп, есірткі шикізатын каннабиноидтық майға өңдеудің заманауи тәсілдерін меңгерген.
"Жедел іс-шаралары барысында оның сыбайласы – бұрын аса ауыр қылмыстар үшін бірнеше рет сотталған 45 жастағы ер адам да ұсталды. Оның гаражын тінту кезінде 4 келі гашиш, буып-түйілген есірткі заттары, zip-пакеттер және есірткі тұтынуға арналған құралдар табылды. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған жылжымайтын мүлік пен қымбат автокөліктерге тыйым салынды", – делінген хабарламада.