Алматы облысында Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған FIA Central Asia Drifting Cup 2026 жарысы өтті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Халықаралық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген 20 автошабандоз қатысты.
Халықаралық шараның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, автошабандоздарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ FIA-ның алғашқы аймақтық дрифт кубогының Қазақстанда өтуі еліміз үшін ғана емес, Орталық Азиядағы автоспорттың дамуы үшін де маңызды екенін атап өтті.
"Автоспорттан халықаралық деңгейдегі жарысты Алматы облысында ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі жаңа тәжірибе. Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты қолдауға ерекше мән беріледі. Бүгінгі дода – тек спорттық бәсеке ғана емес. Бұл – Орталық Азия елдерінің спортшыларын тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті шыңдауға және өңірдегі автоспорт мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды дода", – деді Ғани Майлыбаев.
Жарыстың ең тартысты сәті финалда болды. Дрифт кезінде қазақстандық пилот Олег Хридочкин мінген көліктің рөлінің гидравликалық күшейткіші (ГУР) істен шықты. Ереже бойынша төрешілер ақауды қалпына келтіруге бес минут қана уақыт берді. Бірақ, механиктер оны жөндеп үлгерген жоқ. Соған қарамастан Хридочкин жарыс жолына шығып, халықаралық доданың бас жүлдесін жеңіп алды.
"Көлігімнің рөлі істен шыққан соң, жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Бас жүлде қарсыласым Михаилға бұйыратынына сенімді болдым, оны тіпті жеңісімен құттықтап қойдым. Бірақ төрешілер екі жарыстың қорытындысын ескере отырып, бірінші орынды маған берді. Шынымды айтсам, қара күштің арқасында ұттым", – деді Олег Хридочкин.
Осылайша жарыстың бас жүлдесін Nissan 200SX көлігін тізгіндеген Олег Хридочкин иеленді. Екінші орынды Nissan 350Z көлігімен Михаил Пак, үшінші орынды Nissan 200SX көлігімен Александр Бочкарев алды.
Үш жүлдегер де – Қазақстан пилоттары. Жеңімпазға – 6,5 млн теңге, екінші орын иегеріне – 4,5 млн теңге, үшінші орын алған пилотқа – 3,5 млн теңге ақшалай сыйақы табысталды.
Бұл жарыс Орталық Азия елдерінің пилоттарына FIA Кубогы аясында бақ сынауға мүмкіндік берді. Ал, жарыс ұйымдастырушылары, төрешілер мен техникалық мамандар халықаралық деңгейдегі доданы жоғары деңгейде өткізіп, мол тәжірибе жинады.
Қазақстанда дрифт өнерінің үздігі әлемдік финалға жолдама алды
Алматы облысында 22 мыңнан астам адам "Таза Қазақстан" акциясына атсалысты