Тікелей эфир

Алматы облысында оқушылар Қызыл кітапқа енген 2 мың Соғды ерені көшетін отырғызды

Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 
Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 
2025 жылға дейін 23,4 мың гектар алқапқа 50,3 миллион ағаш отырғызылады. 

Алматы облысының "Қарадала" орман қорғау мекемесінің аумағында Қызыл кітапқа енгізілген 2 мыңнан астам Соғды еренінің көшеті отырғызылды. Акция БҰҰ даму бағдарламасының қолдауымен халықаралық орман күніне орай ұйымдастырылды. Мұнымен қатар, Абай атындағы орта мектепте экология сыныбы ашылып, оқушылар өз қолымен жасаған экологиялық жобасын таныстырды. 

Ормандардың климаттың өзгеруіне қарсы күресте рөлі зор – олар жылына 7,6 млрд метрикалық тонна СО2 сіңіреді. Алайда рұқсатсыз отау мен өрт себебінен атмосфераға көмірқышқыл газы бөлініп, олар Жердің орташа жылдық температурасының көтерілуіне әсер етеді. Осы секілді проблемалардың алдын алуға неліктен Соғды ерені таңдалғанын "Шарын" мемлекеттік ұлттық паркі директорының орынбасары Гүлмира Санбаева түсіндірді. 

Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 

"5 млн жыл тарихы бар Шарындағы Ерен тоғайы 1964 жылы қорғауға алынды. 2004 жылы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғалы оған біз қамқор болып келеміз. Жалпы тоғанның аумағы 5014 гектар болса, оның 1100 гектарында ерен ағашы өсіп тұр. Қызыл кітапқа енген бұл Соғды ерені қазіргі сәтте Америка мен Қазақстанда ғана бар. Мұнымен қатар, тоған ішінде 7-8 адамның құшағы әрең жететін ақсақал ағаш өсіп тұр. Көбінесе отандық және шетелдік туристер сол ағашты көру үшін келеді. Акция кезінде 2 мың Соғды еренін отырғызуымыздың өзіндік себебі бар – ыстық пен суыққа төзімді және ерекше күтімді қажет етпейді. Отырғызған кезде тамыры топыраққа тисе болғаны, ары қарай өзі өсіп шыға келеді. Шамамен 20 жылда биіктігі 30 метрге дейін жетеді", – деді Гүлмира Санбаева. 


Оқи отырыңыз: Таңбалы, Үңгіртас, Шарын, Көлсай, Шонжы. Алматы облысындағы бес туризм ошағы


Комитеттің орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Мәди Нұрпейісовтің айтуынша, жыл сайын елде бағалы ағаш түрлерінің миллиондаған көшеті отырғызылып, жүздеген тонна тұқым жиналады. 

"Соғды ерені Шарын мен Темірлік өзендеріне жақын жерде өсіп тұр, жалпы популяциясының аумағы 2600 гектарды құрайды. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ормандар ел аумағының 5 пайызын алып жатыр, ал олардың ауданы 13,6 млн гектарды құрайды", – деді Мәди Нұрпейісов. 

Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 

Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?


Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов акцияның БҰҰ-ның 2021-2030 жылдарға белгіленген мақсаттары аясында өтіп жатқанын атап өтті. 

"Парниктік газ шығарындыларын азайту, биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйелер мен қауымдастықтардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау секілді жерді тұрақты пайдалану әдістерінің көптеген артықшылығы бар. БҰҰДБ Қазақстан үкіметіне орнықты ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын дамыту, бағалы ағаш түрлерін өсіру, тозған жерлерді қалпына келтіру, реликті ағаш түрлерін жаңғырту және орман дақылдарын өсіру процестеріне жаңа технологияларды енгізу бойынша орман тәлімбақтарын дамытуда жүйелі қолдау көрсетіп келеді", – деп атап өтті Сухроб Ходжиматов.

Сондай-ақ, Сухроб Ходжиматов Экология министрлігімен бірге ЕҚТА желісін дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, қызметкерлерді табиғи аумақтарға мониторинг жүргізуге және табиғат қорғау іс-шараларын жоспарлауға мүмкіндік беретін заманауи технологияларға оқытуға ерекше назар аударылатынына тоқталды.

Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рауан Рақымбековтің мәліметінше, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 3,2 млн гектарды құрайды, оның ішінде 1,6 млн гектар орманға тиесілі. Облыс аумағында "Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған орманды молықтыру және орман өсіру алаңдарын ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарына" сәйкес 23,4 мың гектар алқапқа 50,3 миллион ағаш отырғызылып, өсірілетін болады. 

Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 

"Биыл 3608 гектар жерге 7,7 млн ағаш отырғызылып, тұқым себілді. Облыстың орман көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстары толығымен аяқталды. Осылайша облыстағы орман алқабы көлемі 14,9 пайыздан 15,2 пайызға дейін артады", – деді Рауан Рақымбеков. 

Фото: БҰҰДБ баспасөз қызметі 

Акция аясында мектеп оқушылары жарықты судан алу және орманда өрт болғанда бірден хабар беретін құрылғының макетін көрсетіп, ғылыми жобасын қорғады. 

Серіктестер жаңалықтары