Алматы облысында FEI Халықаралық ат спорты федерациясының қолдауымен 100 шақырым қашықтыққа ат жарысы бойынша FEI CEI 100 km халықаралық турнирі өтіп, үздік жылқылар мен шабандоздар анықталды.
Халықаралық турнирдің мақсаты – Қазақстанда ат спортын дамыту және насихаттау, қазақтың Қостанай және Адай жылқыларын дамыту, судьялардың кәсіби деңгейі мен дағдыларын арттыру.
Турнирге Қазақстаннан бөлек, Біріккен араб әмірліктерінің шабандоздары мен Қостанай және Адай жылқылары қатысты. Олар бір күнде 100 шақырым қашықтықты еңсеріп, шеберлік пен шыдамдылық бойынша мықтыларды анықтады.
Халықаралық ат спорты федерациясының жылқының төзімділігі жөніндегі техникалық комитетінің басшысы Мұхаммед Әли Амер Омар әл-Хадрамидің айтуынша, жарыстың бұл түрі қазақтың дәстүрлі ат жарысына өте ұқсас. Қазақ жылқыларының дайындығы өте жақсы және мұнда ғасырлар бойы жылқы шаруашылығы дамығанын көруге болады.
"Қазақстанның ат спорты бойынша халықаралық жарыстарды өткізу әлеуеті жоғары, өйткені мемлекет географиялық тұрғыда өте жақсы – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа елдер арасында ыңғайлы орналасқан. Сондықтан, Қазақстан осы өңірде ат спортын дамыту орталығына айналуы мүмкін", – деді әл-Хадрами.
Оқи отырыңыз: 55 жылда 99% азайған. Мәжіліс спорттық жылқылардың қазақы тұқымын сақтау туралы заңды мақұлдады
Сала сарапшыларының айтуынша, Адай және Қостанай тұқымдарының жылқылары жойылып кету алдында тұр және қолдауды қажет етеді. Сонымен қатар, Қазақстан Ат спорты бойынша халықаралық турнирлерде ұсынылмаған. Сондықтан, турнирді ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – болашақта Қазақстандық жылқыларға халықаралық жарыстарға жол ашу үшін халықаралық Ат спорты федерациясы мен төрешілер комиссияларының төрешілеріне отандық жылқы тұқымдарын таныстыру болды.
Сондай-ақ, турнир аясында 2026 жылы Сауд Арабиясында өтетін ат жарысы бойынша әлем чемпионатына қатысатын жүйрік жылқылар іріктелді.
"Біз әлемге Адай және Қостанай жылқы тұқымын ашқымыз келеді, осы жылқы тұқымдары үшін олардың әлемдік турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасағымыз келеді. Біз 2025 жылы да Қазақстанда жарыстың осы түрін өткізуді жоспарлап отырмыз. Отандық спортшыларды 2026 жылы Қостанай және Адай тұқымдарының жылқыларымен әлем чемпионатына қатыстыру – біздің басты мақсатымыз", – деді жарысты ұйымдастырушы Шыңғыс Досмұхамбетов.
Оқи отырыңыз: Ғылыми зерттеуге 682 млн теңге бөлінді. "Адай" қазақ жылқысы жеке тұқым болып танылады
Турнир жеңімпаздары:
- 1-орын – Көк Жебе, шабандоз Омар Нұрсұлтан (Маңғыстау облысы);
- 2-орын – Бақторы, шабандоз Даргербек Хабай (Жетісу облысы);
- 3-орын – Тобылғы торы ат, шабандоз Құмаров Нұрсұлтан (Маңғыстау облысы);
- 4-орын – Гүлсары, шабандоз Жаналиев Виктор (Абай облысы);
- 5-орын – Қахарман, шабандоз Бейсбаев Дәулет (Жетісу облысы);
- 6-орын – Нобель, шабандоз Мехок Орхидея (Венгрия);
- 7-орын – Неаполь, шабандоз Наталья Долгих (Алматы облысы).
Бірінші орын иесі Ravon автокөлігін мінсе, қалған жүлдегерлер бас демеуші "Байсерке-Агроның" ақшалай сыйлығын алды.
Оқи отырыңыз: Ғалым Нәбидолла Кикібаев: Қазақта жылқы туралы 400-ге жуық мақал-мәтел бар
Еске салайық, турнир Ат спортының халықаралық федерациясының бастамасымен өткізіліп, оны ұйымдастыруға "Байсерке агро" агрохолдингі мен "Қобыланды" ат зауыты атсалысты. Шараға БАӘ вице-президенті шейх Мансұр әл Нахайян мен оның Emirates International Endurance Village командасы қолдау көрсеткен.
"Байсерке Агро" ЖШС ҚР Ат спорты федерациясымен бірлесіп жылқының денсаулығына, қауіпсіздігіне толық қамқорлық жасайтын жылқының әл-ауқат кодексін бекітті. Жылқының әл-ауқаты мен денсаулығы спорттағы басымдық саналады.