Алматы мен Бангкок арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды

Фото: Thai AirAsia X
Фото: Thai AirAsia X
Бұл – Air Asia компаниясының Алматыдан ашқан екінші бағыты. Былтыр наурызда компания Куала-Лумпурға Алматыдан тікелей рейсті ашқан болатын.

Thai AirAsia X лоукостері Алматы мен Таиланд астанасы Бангкок қаласының арасын жалғайтын тікелей рейсті іске қосты. Алматыдан ұшқан алғашқы ұшақ Бангкокқа сәтті қонды. 

Осыған орай, компания өкілдері бүгін Алматыда ресми шара өткізіп, жаңа рейстің екі елдің туризмінің дамуына қосатын үлесі туралы баяндады. 

Thai AirAsia X бас директоры Паттра Бусаравонгсенің айтуынша, компания Орталық Азия елдерімен байланысты кеңейтіп келеді және бұл процесс алдағы уақытта да жалғасын табады. 

"Алматы – Бангкок бағытындағы тікелей әуе рейсі саяхатты әрі ыңғайлы, әрі қолжетімді ете түседі. Бүгінде қазақстандықтарға Таиландқа бару үшін виза рәсімдеудің қажеті жоқ. Бангкок – әлемдегі ең әдемі, әрі бірегей мегаполистердің бірі. Ол жақсы дамыған туризмінен бөлек, сауда, экономика және мәдениеттің те тамаша орталығы", – деді Паттра Бусаравонгсе. 

Фото: Thai AirAsia X 

Қазақстандықтар Бангкок арқылы Таиландтың Пхукет, Краби және Чиангмай сияқты танымал бағыттарына, одан қалды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өзге елдерге де сапарлай алады. Бұған компанияның 11 Airbus A330-300 ұшағынан тұратын әуе паркі мүмкіндік береді. 

Негізгі сұрақтарға жауаптар:

  • Қай күндері? Аптасына 4 рет: сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері. 
  • Қандай ұшақ? 367 адамға арналған Airbus A330. 
  • Қай әуежайға қонады? Дон Муанг (Бангкоктың ескі әуежайы). 
  • Виза қажет пе? Қазақстандық туристер үшін 90 күнге дейінгі мерзімге виза қажет емес. 
  • Билет арзан ба? Билет бағасы өзге әуе компанияларына қарағанда 20-25% төмен. 
Фото: Thai AirAsia X 

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Қатышев жаңа тікелей әуе рейсі Қазақстан мен Таиланд арасындағы іскерлік, туристік және мәдени қарым-қатынасты одан әрі дамытатынына сенім білдірді. 

"Азия құрлығындағы ең ірі бюджеттік әуе компаниясының Алматыдан Бангкокқа тікелей рейс ашуы біздің отандастарымыз үшін жақсы жаңалық болды. Thai AirAsia X қауісіздік және жайлылық бойынша биік стандарттарды ұстанады. Сәйкесінше, бұл мүмкіндік Қазақстан мен Таиланд арасындағы іскерлік, туристік және мәдени қарым-қатынасты одан әрі дамытуға жағдай жасайтынына сенімдімін", – деді Дархан Катышев. 

Қазіргі уақытта Thai AirAsia X әуе компаниясы Бангкоктан (Дон Муанг) Токиоға, Осакаға, Нагояға, Саппороға және Сендайға (Жапония), Сеулге (Оңтүстік Корея), Делиге (Үндістан), Шанхайға (Қытай), Эр-Риядқа (Сауд Арабиясы) және енді Алматыға (Қазақстан) 11 Airbus A330-300 ұшағынан тұратын паркті пайдалана отырып, тікелей рейстерді орындайды. 


Серіктестер жаңалықтары